Парламентті ықпалды етудің тетігі күшінде
26.07.2023
Сараптама
7
Конституциялық реформалардан кейін мүлдем жаңа үлгіде жасақталған Мәжіліс депутаттарының да алғашқы сессиясы аяқталды. Дегенмен осы аралықта Парламенттің төменгі палатасы үлкен жұмыс атқарды. Ең бастысы депутаттардың саяси белсенділігі артып, Мәжіліс қабырғасында өзекті мәселелер көтеріле бастады. Мұны Мәжіліс спикерінен бастап, қарапайым саясаттанушыларға дейін депутаттық корпустың жаңа жүйемен жасақталуымен байланыстырады.
Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов фракция мүшелері мен бірмандатты округтер арқылы сайланған депутаттар өздерінің міндеттеріне асқан жауапкершілікпен кіріскенін айтады. Өткен сессияда Мәжілістің қарауында болған 80 заң жобасының 20-сына депутаттар бастамашылық еткен. Бұл олардың сайлауға дейін халықпен кездесулерде көтерілген өзекті мәселелерді шешуге барын сала кіріскенін көрсетеді.
- Мәжіліс депутаттары өз сайлаушыларымен тұрақты байланысты жолға қойған. Соның есебінен жұмыс топтарының, комитеттердің отырысы қызу пікірталас алаңына айналды. Пленарлық отырыстар мен Мәжілістегі үкімет сағаттарында да белсенділік пайда болды. Депутаттар министрлерге халықтың көкейінде жүрген түйткілдерге қатысты сұрақтарын бетпе-бет қойды. Кейбір планерлық отырыстарда қоғамды алаңдатқан өзекті мәселелерге қатысты 30-дан астам депутаттық сауал жолданып жатты.
Мәжіліс депутаты, белгілі құқықтанушы Унзила Шапақтың пікірінше, соңғы өзгерістерден кейін Парламент шынында ықпалды институтқа айналды. Ол мұны екі жылдан бері жүргізіліп жатқан конституциялық-құқықтық реформаның нәтижесі деп санайды.
- Бұған дейін ықпалды Парламент тіркесі жай сөз ретінде айтылып келді. Әйтсе де оның Үкіметке әсер ету ықпалы жетіспей жататын. Ал Конституцияға өзгерістермен толықтырулар енгізілгеннен кейін Мәжіліс сайлауында басым дауысқа ие болған партия Премьер-министрдің кандидатурасын ұсынуға құқылы болды. Өз кезегінде бұл партия Мәжілістегі өзге партиялардың фракциялары алдында жауапкершілікті Үкіметпен теңдей бөліседі. Ықпалды Парламентке күшті Үкіметтің бағынуының және билікті бөлісу механизмінің дұрыс жолға қойыла бастағанының көрінісі осы, – деді Унзила Шапақ.Мәжіліс депутаттарының жауапкершілігін еселей түсетін бір тетік ретінде сайлаушыларға депутаттарды кері шақырып алу құқығының берілгенін айтуға болады. Сайлау алдында берген уәдесінде тұрмаған мәжілісменді бірмандаттық округтермен бірге партиялар да мандатынан айыра алады. Осылайша депутаттар сайлаушылар алдындағы саяси құқықтық жауапкершілігін сезіне бастады. Ал Парламенттің төменгі палатасындағы саяси бәсекеге жаңа фракциялардың құрылуы жан бітіргендей. Бұған дейін Мәжілістен ең кемі 7 орын алған партиялар ғана фракция құру құқығына ие болған. Биыл Мәжілістің регламентіне өзгеріс енгізіліп, партияларға 4 депутатпен де фракция құруға мүмкіндік берілді. Өз кезегінде саяси сарапшы Ерлан Ахмеди Парламенттегі фракциялардың беделін арттыруды партиялардың кадрлық әлеуеті арқылы іске асыруға болатынын алға тартады. Ол үшін Мәжіліс сайлауына дейін партияішілік іріктеу өткізуді барлық саяси ұйым дәстүрге айналдырғаны жөн.Қысқасы дәл қазір Парламентті шын мәнінде ықпалды етудің құқықтық тетігі бар. Мәжілістегі депутаттық корпус та қоғамның түрлі саласы өкілдерінен жасақталған. Мұның бәрі де былтыр Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың нәтижесі екені анық.- Қазіргі партиялық тізіммен немесе партия атынан бірмандаттық округтерден сайланған кандидаттардың көбі ел арасында беделге ие азаматтар екенін көріп отырмыз. Оларды партиялар сайлаушылар алдында ұпай жинау үшін тартқаны анық. Ал негізінен мұндай тұлғалар партияішілік іріктеуден көрініп, партияның өз ішінен шығуы керек еді. Болашақта партиялар осы тәжірибеге назар аударуы керек деп санаймын, – дейді сарапшы.