Солтүстік Қазақстанға Украина мысалы дәлел
31.03.2023
Саясат
5
Күлің көкке ұшсын демесек, идеологияны ойла! Солтүстіктен қауіптің болатынын 2014 жылы Ресейдің Украина аймағындағы орыс мәселесіне араласа бастағанынан-ақ белгілі болған. Бұл туралы саясаттанушы Мақсат Жақау айтты.
Оның айтуынша, бұл сигналды ұғынып, кезінде мемлекеттік хатшы болған, тәжірибесі мол идеолог Марат Тажиннің тұсында дұрыс бастамалар басталған. Оның бірі Рухани жаңғыру жобасы.
М.Жақау Солтүстіктен келер қауіппен Рухани жаңғырудың қандай логикалық байланысы барына тоқталды.
«Әлбетте, ұрпағын ойлайтын мемлекет осындай детальдарға көңіл бөледі. Рухы мықты украиндықтар қазақтарға, сол ресейліктерге қарағанда, анағұрлым кітап оқу, руханият орындарына бару жағынан алдыңғы қатардан табылады. Бір Донецкінің өзінде екі жүзден астам музейі бар. Айтпақшы, әскери ойын жағынан Украинада пейнбол ойнау жағынан компьютерлік клубтармен қатар бәсекелесе алатын деңгейде. Көп украин майданында жүрген жастары, кезінде дәл осы пейнбол мен контрстрайкті шебер ойнағандар. Әрине ол көрсеткішке олардың ұлттық патриоттық сезімдегі тәрбиесі басым. Себебі, арғы шекарасында көрші поляк ағайындарының антиресейшіл патриотизмінің орасан әсері тағы тұр»,-деді ол.Оның айтуынша, бізге саяси реформаның арқасында идеологиялық рухани құжаттардың, бастамалары керек. Жастар мықтыларға бой түзейтіндей, рухани дүниемен тәрбиеленетіндей болмаса, отанды қорғау романтикасымен ауырмаса, кейін бәрі кеш болады. «Дана бабамыз, "қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына налимын" деген. Қарынды тойдырармыз, ашаршылықты да көрдік қой кезінде, бірақ қадір-намысымызды жібермей, өшуді емес өсуді де терең ойлануымыз керек. Ертеңгі елім дейтін ұрпақты бүгін ойлау, номері бірінші қатардағы ұлттық мәселе. Әйтпесе, жинап-тергеннің күлі көкке ұшуды Украина мысалы күнде дәлелдеп отырған жоқ па?!», — деді М. Жақау.