Ресейліктер Украинамен келіссөз жүргізу үшін Ыстамбұлға келді

15.05.2025 Саясат
6

Оны Ресей президентінің көмекшісі Владимир Мединский басқарады.

Делегация құрамына Сыртқы істер министрінің орынбасары Михаил Галузин, РФ Қарулы күштері Бас штабының Бас басқармасы бастығы Игорь Костюков, Қорғаныс министрінің орынбасары Александр Фомин және тағы төрт «сарапшы» енді.

«Россия» арнайы ұшу жасағының Ил-62М ұшағы делегация мүшелерімен бірге Ыстамбұлдағы Ататүрік атындағы әуежайға қонды. Бұл әуежай әскери және үкіметтік рейстерге қызмет көрсетеді.

Осы уақытта Украина президенті Владимир Зеленский Түркия астанасы Анкараға келді. Ол жерде Түркия президенті Ердоғанмен екіжақты кездесу өткізеді, деп хабарлайды Reuters.

Таяу Шығыс елдерін аралап жүрген Дональд Трамп та осы кездесуге Владимир Путин қатысатын болса, Түркияға келуі мүмкін екенін айтқан еді. Алайда кейінірек оның Ресей мен Украина арасындағы келіссөздерге қатыспайтыны белгілі болды.

Ресей президенті 15 мамырда Ыстамбұлда Киевпен тікелей келіссөздер жүргізуді ұсынды. Бұл ұсыныс ешқандай алдын ала шартсыз бітім жасасуға қатысты болды. Бұған жауап ретінде Украина басшысы келіссөздерге жеке өзі қатысатынын айтып, «Путинді Түркияда жеке күтемін» деп мәлімдеді.