Қолымнан келмейді десеңіздер, қазірден бастап орынды босатыңыздар – Смайылов
14.12.2022
Саясат
4
Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында министрлер кабинетіне қатаң ескерту жасады.
Ол өз сөзінде айтқандай, бағыт айқын – өзара байланысты үш қағидатқа, яғни Әділетті мемлекет – Әділетті экономика – Әділетті қоғамға негізделген жаңа мемлекеттік саясатты қалыптастыру.
«Осы мақсатқа жету үшін барлық тиісті жұмысты атқаруымыз керек. Мемлекет басшысы бізден «жаңа жылға Үкіметтің қазіргі құрамымен аяқ басуға бола ма?» деген сұраққа нақты жауап күтеді. Мен Премьер-министр ретінде Президент жүктеген міндеттерді орындауға әрі тиімді шешуге бар күшімді саламын. Осында отырған әрбір Үкімет мүшесінен де нақты жұмыс күтіп отырмыз. Біздің жұмысымыздың нәтижесін қазақстандықтар сезінуі керек. Талап өте жоғары. Ал қолымнан келмейді, шешім қабылдай алмаймын десеңіздер, қазірден орынды босатыңыздар», - деді Әлихан Смайылов.Үкімет басшысы сөз арасында халыққа шын жаны ашитын, мойнына жауапкершілік алып, батыл шешім қабылдайтын адамдармен ғана жұмыс жалғасатынын тілге тиек етті, деп жазды Azattyq Ruhy.Әлихан Смайылов осы жоспардың барлық тармақтарының орындалуы үшін бірінші басшылар тікелей жауапты екенін айтты.
«Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы бірқатар бағыт бойынша қатаң сын айтты. Әр министр Президент тапсырмалары мен іс-қимыл жоспарының тармақтарын орындау жөнінде жұмыс тәсілін ұсынуы тиіс», - деді ол.