Мобилизациядан қашқан ресейлік Қазақстан шекарасын қалай кесіп өткенін айтып берді
Оның айтуынша, шекарада кезекте тұрғанда тексеру басталған.
«Оған дейін екі сағат бұрын бәрі тыныш еді. Кейін адамдарды шетінен тоқтатып, тексере бастады. Мен Челябіден Қостанайға өттім. Шекарада 100-ге тарта көлік кезекте тұрды. Олардың көбі жас жігіттер еді, арасында әйелдері немесе қыздарымен кетіп бара жатқандар да бар. Дегенмен, кезекте тұрғандардың 90 пайызы жас жігіттер болды», - дейді Андрей.Көлік нөпірін көрген олар жүктерін қолдарына алып, жаяулап өтуді жөн санапты.«Ресей шекарасынан өту үшін бір жарым сағаттай уақыт кетеді. Шекарашылар билетті қашан сатып алғанымды, әскери міндетімді және мобилизация жайлы естулерің бар ма деп сұрады. Әр адамды жоқ дегенде 7-10 минут тексереді, кейбірін қосымша тексеруге алып кетіп жатты. Бірақ ешкімнен әскери билетің бар ме деп сұрап жатқан жоқ. Ал, қазақстандық шекарашылар «бәрің босқындар құсап, қайда қашып барасыңдар» деп қалжыңдап жатыр. Әзірге Ресейге қайтқым келмейді. Мен наурыз кезінде Қазақстанға кеткенмін, кейін бір айға Мәскеуге ата-анама барып келуге аттандым. Енді міне қайта бұл жаққа келуге тура келді», - дейді ресейлік.