Еуропа елдері Ресейлік мұнайға толық эмбарго жариялады
Украина билігі Батыстың қаруына сенім артып отыр. Осы аптада АҚШ елге 2 миллиард 200 млн доллардың әскери көмегін беретінін мәлімдеді. Оған 150 шақырым қашықтықтағы нысанаға дәл тиетін зымырандар кіреді. Снарядтар Украинаның Ресей бақылауға алған аумақтарына жете алады. Бұған қоса жақын арада Батыстың 12 елі Украинаға 100-ден астам танк береді. Олардың қатарында немістің Леопард 2, британиялық Челленджер және америкалық Абрамс танкілері бар. Киевке Батыс елдерінен қуатты қару уәде етілген тұста Ресей қорғаныс министрлігі танк дивизиялары жаттығу өткізіп жатқаны түсірілген кадрларды жариялады. Ал Президент Владимир Путин Ресейдің Германиямен ұрыс даласында тағы да бетпе-бет келгенін айтып, Берлиннің Leopard 2 танктерін жеткізу туралы уәдесін сынға алды. Мәскеу бұған жауап берілетінін ескертті.
«Киев режиміне неғұрлым алыс қашықтыққа арналған қару жеткізсе, Украина күштерін соғұрлым Ресей шекарасынан алыстату керек», - деді Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров.Қарулы қақтығыс жүріп жатқан шақта Киевте Украина-Еуропағы Одағы саммиті өтті. Кездесудің басты тақырыбы - Украинаның Одаққа мүше болуы. Дегенмен оның нақты датасы бұл жолы да аталған жоқ. Киевтің қосылуы- бұл елдің Одаққа кіру шарттарын орындауына байланысты екені айтылды. Саммитте Ресейге қарсы кезекті санкциялар топтамасын жариялау мәселесі сөз болды.Сонымен бірге Батыс елдері Кремльдің басты кірісі - мұнай экспортына толық эмбарго жариялады. Бүгіннен бастап Еуроодақ елдері Ресейден мұнай өнімдерін сатып алуды тоқтатты. Ал үшінші елдерге тауарды Кремль тек шекті бағамен сата алады.
«Біз бұл қадамды қолдамаймыз. Әрине, одан әлемдік энергетика нарығындағы жағдай әрі қарай ушығады. Дегенмен біз мүддемізді қорғау үшін шаралар қабылдап жатырмыз», - деді Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.Желтоқсанның басында Еуропа елдері Ресей мұнайынан бас тартқан еді. Енді сол шешімнің екінші сатысы жүзеге асып отыр. Халықаралық энергетика агенттігінің бағалауынша, соның салдарынан 2030 жылға таман Кремль экспорттан түсетін 1 трлн доллар кірісінен айырылады.