"Екінші Республика" - мемлекеттік модельдің жаңартылуы талқыланды
Мемлекеттік хатшы Президенттің жаңа бастамалары бүкіл саяси жүйені жаңғыртып, қайта бастауды білдіретінін атап өтті. Жаңа заңдар қабылданып, Конституцияға өзгерістер енгізілгеннен кейін іс жүзінде осы жылдың өзінде Қазақстанда мемлекеттік басқарудың жаңа моделіне көшу жүзеге асырылады. Ол тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін институционалдық тұрғыдан күшейтіп, жаңа саяси мәдениеттің қалыптасуына ықпал етеді.
Өз кезегінде «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов елімізде саяси жүйені трансформациялау партияны жаңғыртудан басталғанын атап өтті.
«Заңнаманы либерализациялауды, жаңа партияларды тіркеу ресімдерінің жеңілдетілуін ескерсек, еліміздің партиялық-саяси алаңына жаңа ұйымдардың келетінін түсіну қиын емес. Бұл жағдай – біздің партиямыз үшін өзінің ұзақ мерзімді, жауапты көшбасшылыққа және бәсекелестікке дайын екенін дәлелдеу мүмкіндігі. Осы алаңдағы кездесу «AMANAT» сындарлы диалог аясында Қазақстанды дамыту бойынша нақты идеялар мен ұсыныстар әзірленетін саяси мәдениетті арттыруға барынша ықпал ететінін көрсетеді», деп атап өтті Асхат Оралов.«Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботаревтің айтуынша, «республика» әркез сайлау жолымен қалыптасатын мемлекеттік билік жүйесін айқындап келді.
Мәжіліс депутаты Айдос Сарымның пікірінше, бүгінде қазақстандықтар Конституция ғана емес, мемлекеттік басқару жүйесі де өзгеріп жатқан тарихи кезеңде өмір сүріп жатыр.
«Біз мемлекеттіліктің бұрынғы форматынан бас тартпаймыз. Алайда оған қайтып оралмайтынымызды да түсінген жөн. Жасыратыны жоқ, ел азаматтарының басым көпшілігі өзге мемлекеттердің, қайсыбір утопиялардың сезімімен өмір сүреді. Қазір өз кеңістігімізге оралып, өз күн тәртібімізбен өмір сүруді үйрену маңызды», деді депутат.Кездесу барысында Еуразиялық интеграция институтының директоры Оразғали Селтеев, Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры, профессор Марат Бәшімов өз пікірлерімен бөлісті. Залдағы қатысушылар ғана емес, онлайн-көрермендер де сұрақтарын қойды. Естеріңізге сала кетейік, «TALQYLAU» диалог алаңын құру бастамасы «AMANAT» партиясының 1 наурызда өткен кезектен тыс Съезінде партиялық трансформация бағдарламасы тармақтарының бірі ретінде көтерілген болатын. Алдағы уақытта «TALQYLAU» отырыстары түрлі форматта ұйымдастырылып, онда пікірталас, подкасттар жазу, дебаттар қолға алынады. Алаңда сарапшылар, депутаттар, мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ өкілдері азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелерді шешу жөніде ұсыныстар әзірлеу үшін тұрақты түрде кездесіп отырады.