Билікте көп отыруға болмайды– Тоқаев

27.09.2022 Саясат
8
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының жұртшылығымен кездесуінде алдағы маңызды реформа – президенттің бір ғана мерзімге сайлануы туралы пікір білдірді, деп жазды Sputnik.

"Бұл реформа не үшін жасалмақшы деген сұрақ пайда болуы мүмкін. Мәселе мынада: президенттік лауазымға көп жыл бойы бір ғана адам ие болмауы керек. Әлемде болсын, біздің елімізде болсын көп жыл бойы бір ғана адам ең жоғары лауазымға ие болса, мұндай жағдай елге де, мемлекет басшысына да абырой әкелмейді", - деп түсіндірді президент. Оның айтуынша, Қазақстан халқы болашаққа нық сеніммен қарап, адал, дарынды саясаткерлерге жол ашуы керек.

"Жалпы, жұрт біздің саяси жүйені өзгерту туралы жоспарымыздың мән-маңызын жақсы түсініп отыр", - деп толықтырды Тоқаев.

Оның пікірінше, жұмысты одан әрі жалғастыру үшін жаңа Конституцияға сай сенім мандаты қажет.

"Сондықтан кезектен тыс президент сайлауы биылғы 20 қарашаға белгіленді. Біз бұл науқанды заңға сәйкес, әділ және ашық өткіземіз. Түркістандықтар да сайлауға белсене қатысып, өз таңдауын жасайды деп сенемін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.