Қазақстан президенттігіне кандидатқа бюджеттен қанша қаражат бөлінеді?

08.05.2019 Саясат
4
Орталық Сайлау Коммисиясы ҚР Президенттігіне кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстарының мөлшерлерін жариялады. Ақпаратқа сенсек, кандидаттардың шығынын өтеу үшін әр кандидатқа 7 331 200 теңге бөлінеді екен. "«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңының 28-бабының 3-тармағына, 33-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: 1. Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстарының мынадай мөлшерлері белгіленсін: 1) бағдарламаны теледидар арқылы баяндау – 5 250 000 (бес миллион екі жүз елу мың) теңге сомасында; 2) бағдарламаны радио арқылы баяндау - 200 000 (екі жүз мың) теңге сомасында; 3) мерзімді баспа немесе желілік басылымдарында жариялау - 810 000 (сегіз жүз он мың) теңге сомасында; 4) кандидаттардың сайлау алдындағы жария іс-шараларын өткізу - 200 000 (екі жүз мың) теңге сомасында; 5) үгіт материалдарын шығару - 400 000 (төрт жүз мың) теңге сомасында; 6) көліктік шығыстар - 471 200 ( төрт жүз жетпіс бір мың екі жүз) теңге сомасында. 2. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Президенттігіне тіркелген кандидаттардың, жергілікті атқарушы органдардың және аумақтық сайлау комиссияларының назарына жеткізілсін", -деп хабарлайды ОСК ресми сайты арқылы. Еске салсақ, Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауы 9 маусымға белгіленген. Президенттікке кандидаттар анықталып үлгерді. Олар Қасым-Жомарт Тоқаев, Әміржан Қосанов, Сәдібек Түгел, Жамбыл Ахметбеков, Амангелді Таспиықов, Дания Еспаева, Төлеутай Рахымбеков. Бұға дейін қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау өткізуге жалпы саны 9 миллиард 400 миллион теңге бөлінетінін хабарлаған.