Айнұр Тұрсынбаева Тоқаевтан хиджаб кигендерді қорғауды сұрады

12.03.2021 Саясат
7
Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева хиджаб кигендерді қорғауды сұрап, президент Тоқаевқа қайырылды. Айтыскер мәлімдемесін instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасына жария етті.

Қазақстандағы орамалды қыздардың құқығын сіз қорғамасаңыз кім қорғайды?! Олардың ер азаматты аттап өтіп, аттандап алаңға шығуға ұяты жібермейді... Қазақ тарихында елеулі із қалдырған Домалақ ана, Бопай ханшайым, Әлпеш ана, Гаухар ана,Ұлбике, Сара ақындар ақ жаулықтарына адалдық танытып алаштың аналарына айналған жоқ па?! Шаштарын қызыл-жасылға бояп даналықты дәріптеген кім бар?! Алланың әміріне бойұсынып жүрген арулар ертең елдің тұтқасы болар адал ұлдарды дүниеге әкелмей ме?!Адамның кеудесіне не дін кіреді, не жын кіреді! Қоғамға қайсысы қауіпті?! ..Біз сіздерге арқа сүйейміз.. Кешеден бері инстаграм әнші қыздардың посттарын өшіріп тастап жатыр. Неге?! Себебі қазақ сияқты текті халықтың рухын таптауға әлем қыздарымыз арқылы кірісіп жатыр! “Жатыр өзімдікі” деп жар салғызудың артында қазақты тамырымен құрту саясаты жатыр.. Осы мәселе осы күйінде қалмаса екен...", - деп жазады Тұрсынбаева.

Сондай-ақ ол Алматыда 8-наурызда өткен шеру жайлы да ойын айтқан.

Айнұр Тұрсынбаеваның жазуынша, орамал таққан қыз-келіншектер Қазақстанда көп кедергіге ұшырайтын көрінеді.

"Мен шет елге жиі ұшамын... Ұшып бара жатып та, келе жатып та түрлі кедергіге жиі тап боламын.. Жұрттың бәрі емін-еркін өтетін шекарадан мені жеке өткізеді, арнайы формадағы қызметкерлер жеке бөлмега апарып біраз тергеп барып жібереді.. Қайта-қайта қайталана берген соң неге бұлай боп жатқанын сұрастырдым... Сөйтсем бәріне “кінәлі” басымдағы ақ жаулығым екен... Мен орамал таққалы қоғамға қауіп тудырып жүр екенмін... Мен бір кездері телевизия саласында жұмыс жасадым.. Сол кезде де орамалым үшін қайта-қайта сөз естуге мәжбүр болып, ақыры кетіп тынғанмын.. Орамал таққан қыздардың Қазақстанда жұмысқа кіре алмай шет елге көшіп кетіп жатқанын да білемін...".