Петропавлдағы тергеу изоляторында сотталушы өзін өртеді

12.06.2025 Оқиға
6

Петропавл қаласындағы тергеу изоляторында төтенше жағдай орын алды. Камерада отырған күдікті өзін-өзі өртемек болды.

11 маусым күні сағат 19:00 шамасында 37 жастағы ер адамды тергеу изоляторынан көпсалалы қалалық ауруханаға жеткізді. Оның екі саны мен балтырынан екінші дәрежелі күйік жарақаты анықталды. «Орда» тілшісінің мәліметінше, сотталушы аяқтарын дәретхана қағазымен орап, өртеген.

Қазір оның мұндай әрекетке не үшін барғаны белгісіз.

Белгілі болғандай, ер адам бұрын да сотты болған және қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 99-бабы — «Адам өлтіру» бойынша жауапкершілікке тартылып отыр.

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті Петропавлдағы тергеу изоляторында кісі өлтіру күдігімен ұсталған азаматтың өзін-өзі өртеу әрекетін растады. Алайда олар оның ауруханаға жатқызуды қажет етпейтінін хабарлады:

«Қабылданған шаралардың арқасында оттың таралуы тоқтатылды. Денсаулығы қанағаттанарлық. Госпитализация қажет емес. Ер адаммен психолог жұмыс істеп жатыр. Оқиға бойынша қызметтік тексеріс жүргізілуде».