Huawei басшысы ісі: Қытай АҚШ-қа қарсы шара қолданатынын ескертті

10.12.2018 Жаңалықтар
4
Қытай Канада Huawei Technologies компаниясының атқарушы директоры Мэн Ванчжоуды Вашингтонның сұрауы бойынша тұтқындаған соң АҚШ-тың Пекиндегі елшісі Терри Бранстадты шақыртты. Қытай сыртқы істер министріінің орынбасары Ле Юйчэн 9 желтоқсан күні АҚШ елшісін шақыртып, оған Мэн Ванчжоудың тұтқындалуына байланысты "ресми қарсылық мәлімдемесін" тапсырды. Ресми Xinhua агенттігінің хабарлауынша, Ле Юйчэн Ванчжоудың тұтқындалуын "барып тұрған сорақылық" деп атап, АҚШ-тан оны Канададан экстрадицияламауды талап етті. Ол елшіге Вашингтон Huawei басшысын қудалауын тоқтатпаса, Пекин АҚШ-қа қарсы шара қолданатынын ескертті. Қытай Сыртқы істер министрлігі 8 желтоқсанда Канаданың Пекиндегі елшісін де шақыртып, Мэн Ванчжоуды қуғындауды дереу тоқтатуды талап еткен. Қытай азаматы әрі Huawei компаниясының негізін қалаушының қызы Мэн Ванчжоуды Канада билігі Ванкувер әуежайында желтоқсанның 1-і күні ұстаған. ВИДЕО: Huawei-дің атқарушы директоры Канадада ұсталды ​АҚШ билігі Мэн Ванчжоу Вашингтонның Иранға салған сауда санкциясын бұзып, сауда-саттық жасамақшы болған деп күдіктенеді. Оған америкалық бірнеше мемлекеттік мекемені алдау мақсатында қитұрқылық жасаған деген айып тағылған. Reuters агенттігі АҚШ-қа экстрадицияланып, сот айыпты деп таныған жағдайда Мэн Ванчжоуға ұзақ мерзімді түрме жазасы тағайындалуы мүмкін деп хабарлайды. Мэн Ванчжоу Канадада өзіне тағылған айып бойынша кінәлі емесін, АҚШ-қа экстрадицияланған жағдайда сотта оны дәлелдейтінін мәлімдеген. Huawei Ирандағы операцияларын "қолданыстағы заңдарға, АҚШ, Еуропа Одағы мен БҰҰ санкцияларына сай жүргізгенін" айтады.
Azattyq.org