Тоқаев әлеуметтік азық-түлік бағасын бақылауда ұстауды тағы ескертті

22.09.2021 Жаңалықтар
19
Мемлекет басшысы бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғаринді қабылдады, деп хабарлады Ақорда.  Президентке агенттіктің тұрғын үй, құрылыс материалдары, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері және жанар-жағармай нарықтарындағы бағаларды тұрақтандыру жөніндегі жұмыстары туралы есеп берілді. Агенттік төрағасының айтуынша, аталған салалар бойынша монополияға қарсы қабылданған шаралардың нәтижесінде бірқатар ірі құрылыс компаниялары бастапқы тұрғын үй бағасын маусым-тамыз айларында орта есеппен 7-20 пайызға төмендеткен.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасының апта сайынғы қымбаттау көрсеткіші сәуір айындағы 0,6 пайыздан 14 қыркүйектегі мәлімет бойынша  0,1 пайызға дейін азайған. Мемлекет басшысына тауар биржаларындағы коммуналдық-тұрмыстық көмір саудасының барысы туралы баяндалды. Онда жергілікті операторлар отынды шағын партиялармен тікелей сатып алуға мүмкіндік алады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа агенттіктің дәрілік заттардың бағасын қайта реттеу, радиожиіліктерді аукционға шығару арқылы мобильді байланыс нарығында бәсекелестік қалыптастыруға жағдай жасау, жолаушылар тасымалы 2 миллион адамнан асатын әуежайлардағы жерде қызмет көрсету түрлеріне тәуелсіз тасымалдаушылардың қол жеткізуін қамтамасыз ету, сондай-ақ фармацевтика, жол құрылысы, медицина салаларында жүргізіп жатқан монополияға қарсы бақылау шаралары туралы мәлімет берілді.  Кездесу соңында мемлекет басшысы әлеуметтік азық-түлік пен тауарлардың бағасын бақылауда ұстауды тапсырды.