Тілшілерге шабуылдаған әйелдер желі арқылы кешірім сұрады
23.07.2019
Жаңалықтар
4
Азаттық радиосы тілшілеріне шабуыл жасап, қол көтерген әйелдер өз әрекеттері үшін кешірім сұрап, әлеуметтік желіге видео жариялады.
YouTube әлеуметтік желісіне жарияланған видеода өздерін таныстырмаған екі әйел әрекеттерін түсіндірген.
"Кеше "Активист ДВК" деген телеграм чатынан мынандай хабарлама келді. (ұялы телефонындағы хабарламаны көрсетіп... ред.) Айтқан адрес бойынша біз сол ғимаратқа бардық. (...) Қандай жағдай болып жатқанын білу үшін барғанымызда бізді ішке кіргізбеді. Не үшін кірмейміз? Біз де көп балалы анамыз. Біз де білуге құқылымыз деп сұранып, айтып жатқан кезде бірден у-шу басталып кетті. (...) Егер де біз Азаттық радиосына қатты зақым келтіріп, оларға бір зиянымыз тиіп жатса кешірім сұраймыз...", -дейді әйелдердің бірі YouTube желісіндегі "Мас Киеубала" деп аталатын каналда жүктелген видеода.
[embed]https://www.youtube.com/watch?v=O8UqevWkTjk[/embed]
Осы каналға жүктелген екінші видеода сөйлеген әйел кешірім сұрау үшін тіпті Азаттық радиосына хабарласып, жағдайды түсіндірмек болған, алайда олар бос еместіктерін айтты дейді.
"Біз жағдайды түсіндіру үшін телефон шалдық, бірақ олар қолдары бос емес екендерін айтты", -дейді екінші әйел.
[embed]https://www.youtube.com/watch?v=4GzM_nIw1oo[/embed]
Алайда Азаттық радиосы осы тақырыпқа жазған мақаласында өздеріне кешірім сұрап ешкім хабарласпағанын айтады.
"Азаттық редакциясына және дүйсенбі күні шабуылға ұшыраған Азаттық журналистеріне бұған дейін кешірім сұрап ешкім хабарласқан жоқ" деп жазылған Азаттық радиосының сайтында жарияланған мақалада.
Еске салсақ, 22 шілдеде Алматыдағы қазақстандық адам құқығы бюросындағы баспасөз мәслихатына барған Азаттық радиосы тілшілеріне шабуыл жасалған. Оқиғаның интернет желісіне жарияланған видеосында бір топ әйел журналистердің техникасын жұлқып, өздеріне қол көтеріп, қатты эмоцияға беріліп жатқандары көрінеді.
Осы жағдайдан кейін жоспарланған баспасөз отырысы өтпей қалған. Сондай-ақ бұл бейтаныс әйелдер ҚазТАГ агенттігі мен "Алматы" телеарнасы өкілдеріне де зиян шектірген. Олардың бірінің смартфонын тартып алып, техникаларын бүлдірген.
Алматы қаласы полициясы оқиғаға қатысты тергеу амалдарын бастағанын мәлімдеді.