Ресей вакцинасының тағы 4 миллион дозасы келеді
23.03.2021
Жаңалықтар
5
Асқар Мамин Мәскеуде Ресей премьері Михаил Мишустинмен келіссөз өткізді. Ресей Қазақстанға қосымша «Спутник V» вакцинасының 4 миллион дозасын жеткізуге уағдаласты.
Дүйсенбіде Қазақстан үкіметінің басшысы Асқар Мамин Мәскеуге жұмыс сапарымен барды. Ол Ресей премьері Михаил Мишустинмен келіссөз жүргізді.
Кездесу барысында COVID-19-дың таралуына қарсы күрес және екі елдің экономикасы үшін пандемияның салдарын жою жөніндегі бірлескен шараларға ерекше назар аударылды.
«Вирустың таралуын жеңу үшін біздің елдеріміздің күш-жігерін, оның ішінде халықты жаппай вакциналау мәселелерінде үйлестірудің жоғары деңгейі қажет», - деп келтірді Асқар Маминнің сөзін баспасөз қызметі. Үкімет басшылары, сонымен қатар, сауда-экономикалық, қаржы-инвестициялық, энергетика және ғарыш салаларындағы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығын одан әрі арттыру мәселелерін талқылады. ЕАЭО форматындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері қаралды. Бұдан бөлек, осы жылдың екінші жартысында Көкшетауда өтетін «Экология және жасыл өсім саласындағы ынтымақтастық» тақырыбына арналған XVII Аймақаралық ынтымақтастық форумына дайындық мәселесі талқыланды. Айта кетсек, Қазақстанға 1 ақпан жаппай вакциналау басталардың алдында Ресейден «Спутник V» вакцинасы бірінші компонентінің 22 мың дозасы жеткізілді. Бүгінде препарат толығымен пайдаланылды.