Қазақстан екі оттың ортасында тұр
02.11.2018
Жаңалықтар
4
"Санкция кезіндегі текетіресте қазақтың мүддесі қалай қорғалмақ?" деген сұрақ informburo.kz сайтында қойылды.
Тимур Сүлейменов өзіне сенімді. Журналистердің "Мұндай жағдайда Ресеймен байланыс қандай бағытта дамиды?" деген сауалына "Біз Ресей үкіметімен экономикалық тұрғыда жақсы диалог құрдық. Бұл санкцияның Қазақстан экономикасына әсер етпейтіні анық", – деп жауап берді.
ҰЭМ Ресейге қарсы қабылданған шектеу шаралары біздің елге әсер етпейтінін ашып айтты. Үкімет қандай жағдай болса да дайын екен.
"Біз мұны төтенше жағдай деп есептемейміз. Санкцияның әсері металл бағасының түсуі немесе көтерілуі кезіндегі фактор сияқты әсері болуы мүмкін. Біздің мұнайымызды Новороссийскпен байланыстырып тұрған мұнай құбырларына қатысты мәселе көтерілді. Санкцияда оған қол қойылмаған. Америкалық Шеврон компаниясы Каспий құбыр желісі консорциумының инвесторы. Олар өздерінің конгресі арқылы транзиттік мұнай құбырларын санкция тізімінен алып тастауға қол жеткізді. Жергілікті нарыққа мұнай тасымалдауда қиындық болмайды"–деді ҰЭМ Тимур Сүлейменов.
Қазақстан экономикасының Ресей экономикасына байлаулы екені билікке белгілі. Экономикаға тек мұнай ғана әсер етпейді. Ауыл шаруашылығының экспорты, сауда экономикамызды қалыптастыратын негізгі фактор. Үкіметтің экономикалық блогы келесі үшжылдыққа – 2019-2021 жылдың бюджетіне сараптама жасауды қолға алғаны белгілі. 2018 жылдың аяқталуына 2,5 айдан аз уақыт қалды. Бірақ Ресейге салынған санкцияның бізге әсері мен ықпалы үкімет деңгейінде әлі сараланбапты. Мұны үкіметте өткен селекторлық бас қосу кезінде қаржы министрі Әлихан Смайлов айтты.
