Мамай мен Иманбаеваның жалған болмысы әшкереленді – Тәшенова

17.08.2021 Жаңалықтар
5
Кеше Алматы қалалық сотында Бауыржан Байбектің Жанболат Мамай мен Инга Иманбаеваға қатысты талапкердің ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтіні туралы талап арызы бойынша азаматтық істі қарау аяқталды. Қалалық апелляциялық сот аудандық сот шешімін өз күшінде қалдырды. Байбектің заңгері Айжан Тәшенованың хабарлауынша, сот процесі барысында Мамай мен Иманбаеваның жалған болмысы әшкереленді. Олардың осы уақытқа дейін таратқан жазбаларының жалған және ол пайымдарына еш дәлел жоқ екені сот жүзінде белгілі болды. «Осы процестің арқасында Ж.Мамай мен И.Иманбаева өздерін өздері әшкереледі. Көпшілік олардың шынайы бет-бейнесін көрді. Яғни, «маскалары шешілді». Ж.Мамай мен И.Иманбаеваның жалған, өнегесіз және ешқандай принципсіз болмысы ашылды. Саяси амбициясы бар адам үшін бұл өзін-өзі өлтірумен тепе-тең деп ойлаймын. Енді Ж.Мамай мен И.Иманбаеваның кім екенін барлығы білетін болады», - деп жазды Тәшенова өзінің Facebook парақшасында. Заңгердің жазбасына сәйкес, енді еліміздегі әрбір адам өзінің әлеуметтік мәртебесі мен жағдайына, саяси көзқарастары мен орныққан пікіріне қарамастан, сотта өзінің адалдығы мен абройын заңды түрде қорғай алатынына сенімді бола алады. Сонымен қатар, ол Қазақстан Республикасының азаматы ретінде сот шешімінің толық орындалуына міндетті түрде қол жеткізетінін жазды. Айта кетейік, бірінші сот процесінде жеңіліп қалған Жанболат Мамай мен Инга Иманбай Бауыржан Байбек туралы түсірген видеороликтерін интернеттен өшіруге міндеттелген. Сонымен қатар, олардан талапкердің пайдасына өндіріп алынуы тиіс 800 мың теңгеден астам сомадағы сот шығындары Байбектің шешімі бойынша «Болашақ» корпоративтік қорының қайырымдылық көмегі шеңберінде аутизмі бар балаларға жіберілетін болады.