Годунова: Құны 5,9 млрд теңге болатын 292 сметалық құжат қажетсіз күйі қалды

08.06.2023 Жаңалықтар
5
2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуында ақау аз емес. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, апатты мектеп көп.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар қасіретінен кейін Үкіметке халықтың табысын арттыру бағытында арнайы Бағдарлама әзірлеуді қатаң тапсырған. Бірақ...

Мәжілістегі әріптестерім ел игілігі үшін бюджеттің бүйірі шықса екен деп барын салады. Ал, кешегі төменгі Палатаға есеппен келген Үкіметтің бағасы жоғары болмай тұр… Мақсатына жетпеген қаржы көп. Игерілмеген қаржы – халықтың соры болып тұр. Бұл сөзімізді 2022 жылдың бюджетін майшаммен қараған Жоғары аудиторлық палатаның Төрағасы Наталья Годунова да растады. Көп жайттың бетін ашты – дейді журналист-депутат.

Сонымен қатар ол Наталья Годунованың баяндамасында айтылған бірқатар деректі келтірді.

Сондай-ақ Наталья Годунова өз баяндамасында көп жоба іске асырылып болғаннан кейін бірден мониторингтен алынып тасталатынын атап өтті.

2022 жылғы нысаналы индикаторлардың 37 пайызының статистикалық деректері әлі қалыптаспаған. Министрліктер мен ведомстволардың теріс болжамдарының ауқымы емес, олардың әдемі есептері мен теріс статистикасының артында жасырылғаны алаңдатады. Ал Үкімет солардың негізінде басқарушылық шешімдер қабылдайды. Салық органдары өндіріп алуы тиіс резервтер Заңнан тыс қалуда. Бұл көлеңкелі экономика – жыл сайын мемлекеттік бюджетке түсетін 3 трлн теңгеден 4 трлн теңгеге дейінгі салық екенін ескеріңіздер. Жоғары аудиторлық палата аудиті Ұлттық экономика министрлігі де, Мемлекеттік кірістер комитеті де 64 салықтық жеңілдікті ескермегенін анықтады, ал бұл тек 4 жылдағы бюджет шығыны шамамен 10 трлн теңгені құрады. Салдарынан созылмалы бюджет тапшылығы орын алды. Яғни, көрпеңе қарай көсіліп емес, қарызға өмір сүресің. Бұл ретте үкіметтік борышты өтеуге және оған қызмет көрсетуге арналған шығыс бюджеттің таза кірісінің 25%-ын немесе 2,9 трлн теңгені құрайды – дейді ол.

Оның сөзінше бюджетті жоспарлау кезінде борышты басқаруға талдау жүргізілмейді. Оларды өтеу көздері есептелмейді. Мемлекеттік борыш құрамында квазимемлекеттік сектор субъектілерінің борышы есепке алынбайды. Ал бұл – 19,7 трлн теңге.

Сонымен қатар, ол қаржыландырылуы ешқашан қамтамасыз етілмейтін мөлшердегі жобалау-сметалық құжаттамаға мөр басуды жалғастырып келе жатқанымызды айтты.

Мысалы, 2017-2018 жылдары құны 5,9 млрд теңгеге әзірленген 292 жобалау-сметалық құжаттама қажетсіз күйінде қалды. Экономика салаларын қаржыландыру өсіп жатқанмен, халықтың жағдайы бұдан жақсарып кете қойған жоқ. Министрліктердің жауапкершілікті өңірлерге ысыра салуға деген ұмтылысы анық көрінеді. Тек биылдың өзінде 2 трлн теңгеден астам қаражат жалпы сипаттағы трансферттер базасына берілген. Квазимемлекеттік сектор – Ұлттық холдингтер мен компаниялар жалпымемлекеттік міндеттерді шешуден бас тартуын тоқтатын кез келді. Ондаған жыл бойы жалғасып келе жатқан мемлекеттік қолдау нәтиже беруі керек. Тұтастай алғанда басқарушы холдингтердің қызметі ашық емес, олар Парламентке мүлде есеп бермейді – деді Наталья Годунова.

Arasha.kz

ФОТО: Әлеуметтік желіден