Елімізде карантиндік шектеулер жеңілдейді
19.10.2021
Жаңалықтар
5
Қазақстанда 20 қазаннан бастап карантиндік шектеулер жеңілдейді. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жеткізді.
Цой эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтанғанын және вакциналауға жататын халықтың 70%-тен астамының екпе алғанын хабарлады. Бұл 2021 жылдың 20 қазанынан бастап карантинді жеңілдету туралы шешім қабылдауға негіз болған.
Атап айтқанда, медициналық-әлеуметтік нысандардың (қарттар мен мүгедектер үйі, балалар үйі және тағы басқа) пациенттеріне баруға рұқсат етіледі. Ол үшін вакцинаның екі дозасын алғаны туралы құжат немесе мерзімі 3 тәуліктен аспаған теріс нәтижелі ПТР-анықтама көрсету керек.
Сондай-ақ тек "жасыл" статусы бар адамдар үшін түнгі клубтардың жұмысы жанданады. Бірақ адам саны 50 пайыздан аспауға тиіс:
"жасыл" аймақта 100 адамнан;
"сары" аймақта – 70 адамнан;
"қызыл" аймақта 50 адамнан көп емес.
Бұдан бөлек, ASHYQ жобасына қатысатын бизнес нысандарының жұмыс уақыты ұзартылады:
"жасыл" аймақта сағат 03.00-ге дейін, жоба лидерлері үшін – 05.00-ге дейін;
"сары" аймақта 01.00-ге дейін, жоба лидерлері үшін – 03.00-ге дейін.