Алматыдағы Kaspi Bank бөлімшесі тоналды

16.10.2020 Жаңалықтар
5
Әлеуметтік желілерде Алматыдағы Kaspi Bank бөлімшесіне жасалған шабуылдың видеосы жарияланды. Оқиға 15 қазан күні Сейфуллин және Гоголь көшелерінің қиылысындағы банктің бөлімшесінде болған. Видеода мекемеге баса-көктеп кірген ер адам кассаның шынысын сындырып, қызметкерді қорқытып қомақты соманы алып кетеді. Kaspi Bank баспасөз қызметі бұл оқиғаға қатысты мынандай түсініктеме берді: "Алматыда қаруланған екі тонаушы Kaspi.kz бөлімшесіне шабуыл жасады. Ол кезде бөлімшеде клиенттер болмаған. Жұмыс уақыты аяқталып қалған еді. Тонаушылар алдын ала мәлімет бойынша 2 миллион теңгедей ақшаны қолды еткен» Банк өкілдерінің мәлімдеуінше, тонау кезінде қызметкерлер зардап шекпеген. Полиция қылмыскерлерді шұғыл қолға түсіру үшін арнайы тергеу тобын құрды. «Аталған факт ҚР Қылмыстық Кодексінің 192-бабы, 3-бөлігі бойынша тіркелді. Арнайы жедел тергеу тобы құрылды. Топтың мақсаты – қылмысты тез арада ашу, күдіктілерді қамауға алу. Жедел іздестіру жұмыстары мен тергеу барысын басшылық өз бақылауына алды», - дейді Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі.