Сондағы Тұрсынбектің айтқан сөзі...

17.08.2021 Жаңалықтар
5
Басы дауға қалған қазақстандық әзілкеш Тұрсынбек Қабатов әлеуметтік желідегі парақшасына «Менің айтарым» деген видео жариялады. Онда ол мектеп бітірген қызы ҰБТ-ға жалған құжат жасатып, орнына басқа адамды кіргізді деген ақпаратқа жауап берген. Желідегі парақшасына телефонмен сөйлескен жазбаны салған әзілкеш отбасының жалған құжат жасатуға қатысы жоқтығын дәлелдеуге тырысқан. Ол Нұрбек есімді жігітпен сөйлесу кезінде өзінің де, әйелінің де оқиғадан хабарсыз болғандарын айтуда. Қызының орнына тест тапсыруға кірген адамды танымайтынын, оқиғаға араласпағанын телефон қоңырауы арқылы жетізуге тырысқан.
«Әдеміге ҰБТ-дан жоғары балл жинаудың қажеті жоқ. Ол шетелге оқуға түсу үшін жыл басынан дайындалып жүр. Мен біреудің аузынан жырып, грантын жұлып алғым келіп тұрған жоқ. Кешеден бері әлеуметтік желіге шыға алмай жатырмын. Видео жазатын болсам, маған ешкім сенбейді»,-деп ақталды Қабатов. Әзілкешпен сөйлескен жігіт Әдемі Аманғали тест тапсырған компьютерде түске дейін өзінің отырғанын айтады. Құжатты пернетақтаның астына қойып кеткен. Айта кетейік, Тұрсынбек Қабатовтың қызы үшін ҰБТ-ны басқа адам тапсырды деген оқиға 13 маусым күні болды. Ұлттық тестілеу орталығының қызметкерлері ҰБТ-ға жалған құжатпен қатысқан түлектерді анықтаған. "Тергеу кезінде жалған жеке куәлік жасаған 22 жастағы күдікті ұсталды. Қылмыстық кодекстің 385-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды", - деді полиция департаменті. Осы ақпаратты жариялаған заңгер Абзал Құспанның айтуынша, ҰБТ-ны Әдемі Аманғали үшін университеттің 2-курсында грантта оқитын студент тапсырған.