"Санда бар, санатта жоқ": Депутаттар журналист мәртебесін көтеруді сұрады

30.09.2021 Назарда
5
Сенат депутаттары Журналист мәртебесі туралы арнайы заң қабылдауды ұсынды. Сенатор Нұртөре Жүсіп депутаттық сауалын премьер-министр Асқар Маминге жолдады.

Айтуынша, "БАҚ туралы" заң мен "Еңбек" кодексінде де журналистердің мәртебесі мен кепілдіктері туралы ешқандай бап жоқ. Тек "БАҚ туралы" заңның 20-бабында 10 құқығы мен 21-бабында 5 міндеті ғана жазылған. Ал "Еңбек" кодексінде мәртебе жөнінде бір ауыз сөз, тіпті журналистердің еңбек ету құқықтары деген бөлім де жоқ.

"Ақпаратқа қолжетімділік саласында жеке реттеуді қажет ететін мәселелер баршылық. Кейбір шенеуніктер төтенше жағдайлар кезінде журналистердің сұрағына кәсіби деңгейде жауап беруге дайын болмай жатады. Кәсіби қызметін атқарып жүрген тілшіге кедергі келтіру халық пен мемлекетті ақпарат алу мүмкіндігінен айыру деген сөз", - деп санайды сенатор.

Нұртөре Жүсіп Ресейді мысалға келтірді. Айтуынша, көрші елде журналистердің кәсіби міндетіне кедергі келтіргендер және шабуыл жасағандар 6 жылға дейін түрмеге қамалады. Ал Қазақстанда елдік пен мемлекеттілік ісіне тікелей қызмет етіп жүрген 4-5 мыңнан астам журналиске еш жағдай жасалмаған. 

Сондай-ақ ол Түркияда да журналистерге бірқатар әлеуметтік жеңілдік қарастырылғанын атап өтті. Ал Әзербайжанда БАҚ-ты мемлекеттік қолдау қоры жұмыс істейді. Бакуде журналистер үшін әрқайсысы 250 пәтерлік 9 қабатты екі үй салынып, пайдалануға берілген.

"Бізде мұндай жағдай арман ғана. Жас журналистер бала-шағасымен пәтер жағалап жүр. Көбісі елдегі тұрғын үй бағдарламаларына да қатыса алмайды. Әлеуметтік тұрғыдан мүлде қорғалмаған", - деп қапаланды Нұртөре Жүсіп.

Сенаторлар журналистерге сот, прокуратура, ішкі істер, адвокат, нотариус сияқты нақты мәртебе беретін кез келді деп санайды.

Сонымен қатар, оның пікірінше, ақпарат саласын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жоспарын жаңадан әзірлеу қажет. Нұртөре Жүсіптің мәліметінше, тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда ақпарат құралдарының саны 400-ден 4,5 мыңға көбейді. Қазір елде 184 телеарна, 79 радио, 790 ақпарат агенттігі бар. 2964  мерзімді баспасөз басылымы немесе 1859 газет пен 1105 журнал тіркелген. Дереккөз: Sputnik Қазақстан