Мамин Маңғыстауда қуаңшылықтың зардабын тартқан шаруаларға барған жоқ
22.07.2021
Назарда
5
Премьер-министр Асқар Мамин Маңғыстау облысына арнайы жұмыс сапарымен барып тұрып, малы қырылып, қуаңшылықтың қиындығын көріп отырған шаруалардың жағдайын көзбен көрмей кетті.
Primeminister.kz сайтындағы ресми мәліметте шаруалармен кездесу туралы ақпарат жоқ.
Әрі қарай еліміздің Премьер-Министрі Асқар Мамин қуаңшылық жайлаған өңірде Қазақстандағы алғашқы TETYSBLU паркінің ашылу рәсіміне қатысқан. Облыс әкімі шаруасын жем-шөппен қамтамасыз ете алмаса да, премьер келеді деп онда Орталық Азияда теңдесі жоқ аттракциондар – BluPower, Watermania, Snorri, сондай-ақ 30-дан астам бірегей аттракционның ашылуына дайындалып қойған. Әрі қарай Мамин гольф клубы мен бренд қонақ үйлердің құрылысымен танысқан. Премьер-министр жоспарланған нысандардың, сондай-ақ көлік және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысын уақытылы аяқтауды қамтамасыз етуді тапсырды. Премьер-Министрге өңірдегі балық шаруашылығын дамыту, оның ішінде бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіру зауыты құрылысының перспективалық жобалары, Каспий теңізінде балық аулауды ұйымдастыру туралы баяндалды. Сонымен қатар А. Мамин балық жемін өндіру және отырғызу материалын өндіруге арналған инкубациялық цехты құруды қоса алғанда, жылына 30 мың тоннаға дейін балық өсіру және қайта өңдеу бойынша заманауи технологияларды енгізе отырып, «Інжу Маржан» шығанағында балық өсіру кешенін құру жобасымен танысты. P.S. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке елдегі жағдайды қалыпқа келтіру үшін бір ай уақыт берді. Ал арнайы іссапармен қуаңшылықта отырған өңірге барған Асқар Маман жанын шүберекке түйіп отырған шаруалармен кездеспей, гольф пен қонақ үйлерді аралап кетті. Үкіметке сенуден қалған ел бір айдан кейін жағдайдың түзелетініне күмәнмен қарайды.