Жаңа оқу жылына ата-аналар мен оқушылар дайын ба?
13.07.2020
Мінбер
5
фото: turkystan.kz
Соңғы бірнеше аптаның ішінде елде коронавирус инфекциясы өршіп, Қазақстан әлемдегі инфекция тез таралып жатқан елдердің көшін бастап кетті. Осыған байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде карантин режимін қайта енгізді. COVID-19-дың күші қашан қайтатыны белгісіз, ал жиналып қалған сұрақтар жетіп артылады. Солардың бірі - мектеп оқушылары жаңа оқу жылында қалай оқитындығы. Білім және ғылым министрлігі болса ата-аналарға әлі ешқандай ақпарат берген жоқ. Көктемдегідей онлайн режим қайта енгізіле ме, әлде балалар мектепке барып оқи ма белгісіз. Көктемдегідей қашықтан оқитын болса оқушылар мен ата-аналар оған дайын ба? Бізді мазалайтыны осы сұрақ. Сондықтан осы мәселе төңірегінде ата-аналар мен балалардың өздеріне бірнеше сұрақ қойып, сауалнама жүргізіп көрген едік. Алдымен Қазақстанның әр өңірінде тұратын оқушылардан жауап алдық.
- Сізге қашықтан оқыған ұнай ма, әлде мектепке барып оқығыңыз келе ме?
- Онлайн оқыған ұнаған жоқ. Мектепке барып оқыған әлде қайда жақсы. Себебі мұғалімнің қадағалауы болған жоқ.
- Маған мектепке барып оқыған ұнайды. Себебі ол жақта сабақ қызықты әрі түсінікті өтеді. Түсінбеген сабағыңды апайдан сұрап аласың.
- Қашықтан оқу ұнамайды. Түсінбеген тақырыптар көп.
- Мектепте өз мұғалімімнің сабақ түсіндіргені жақсы. Видеодағы апайларды танымаймыз. Қызық емес.
- Көктемде онлайн оқудың қандай қиыншылықтары болды?
- Мен өзім орыс тілінде сөйлейтін баламын, бірақ қазақ мектебіне барамын. Онлайн оқығанда мұғалімнің қазақша айтқан сөздерін түсінбей қалатынмын, ал көзбе-көз отырып сөйлескенде түсінемін».
- Онлайн оқудың қиыншылықтары интернеттің әлсіз жұмыс істеуі дер едім.
- Онлайн оқу барысында мен тақырыптарды дұрыс түсіне алған жоқпын, яғни толықтай қамти алмадым.
- Апай сабақ түсіндіріп жатқанда түсінбей қалуың мүмкін. Сөйтіп есебіңді шығара алмай қаласың да, уақыт өткізіп аласың.
- Сабақты дұрыс түсінбегенім қиыншылығы болды».
- Мұғалімдерді көз алдыңда көріп отырмаған соң телефоннан жіберілген аудиоларды тыңдап сабақты орындаймын деп шаршадым.
- Онлайн түрінде қашықтан оқудың артықшылықтары қандай?
- Артықшылықтары жоқ
- Өз бетімше оқуды үйренгенім қашықтан оқудың артықшылығы.
- Кез келген мәліметті интернеттен таба алғанымыз артықшылықтарына жатады.
- Үйде отырып сабақ оқығанда қарның ашпайды, сабақ арасында серуендеп келуге болады.
- Қашықтан онлайн оқудың ешқандай артықшылықтары жоқ.
- Еш артықшылығы жоқ.
- Күзде жаңа оқу жылында онлайн оқығыңыз келе ме, офлайн ба?
- Қашықтан оқығым келмейді, мектепке барғым келеді. Достармды сағындым.
- Мен күзде мектепке барып оқығым келеді, себебі мектепте қызықты.
- Мектепте мұғалімнің қадағалауымен тақырпты толықтай түсінесің сондықтан офлайн оқығым келеді.
- Мектептің аты - мектеп, метепке барып оқығанға ештеңе жетпейді. Ол жерде балалармен ақылдаса отырып сабақ оқуға болады.
- Офлайн оқығым келеді..
- Әрине офлайн оқығым келеді. Мұғалімдерді, сыныптастарымды сағындым.
- Балаңыз күзде мектепке барып оқығанын қалайсыз ба, әлде қашықтан оқығаны жөн бе?
- Мұғалім өз ісінің маманы. Ол ұрысса да, жай сөзбен айтса да мұғалімнің орны бөлек. Мен балаларыма сабақ оқытқанда төзімім жетпей ұрсып жіберемін. Дұрыс түсіндіре алмауым мүмкін, сондықтан мектепке барып оқыған жақсы.
- Мектепке барып оқыған жақсы.
- Онлайн оқу қажет емес.
- Баламның мектепке барып оқығанын қалар едім, себебі бала қоғамдық ортада болады. Мектепке баруға дайындалады, киінеді, алдына мақсат қояды. Балалар бірін-бірі көреді.
- Әрине баламның офлайн оқығанын қалаймын
- Өткен оқу жылының соңында онлайн оқу қиынға соқты ма?
- Қиынға соққанда қандай! Бала тұрмақ менің өзім онлайн сабақты экранға үңіліп отырып қарағым келмей кетті. Мемлекетке рақмет, қандай төтенше жағдай болса да балаларды білімсіз қалтырмады. Бірақ мектеп партасына отырып, кітабын сезініп, қаламын ұстап, дәптерін шимайлап отырғанға не жетсін! Кей сабақтарды мұғалім сияқты түсіндіре алмай, Googgle қарап кеткенімді де жасырмаймын. Көп уақытымды алды. Жұмысымды ысырып қойып, бала оқытып отырдым. Бір ғана қызыммен осылай әуре-сарсаңға түсіп жатырмын, көп балалы отбасылар қайтты екен деп ойладым.
- Қашықтан оқи бастағанда бірінші апта қиындау болған, одан кейін үйренісіп кеттік те, оңай болды.
- Көктемде балалар әр сабақты 30 минуттан оқыды. Оның он минуты амандасумен өтіп кетсе, он минутын жаңа тақырып түсіндіріп, тағы он минут балалардан сабақ сұраумен өтті. Бұл бір сыныпта отыз бала оқитын мектептерге өте қиын. Сондықтан ата-аналар мұғалімнің де, ата-ананың да рөлін өз мойнына алуына тура келді. Оның үстіне бір күні интернет бар, бір күні жоқ деген де қиыншылықтар болды.
- Балаларымның сабағын қадағалаған жоқпын. Олар өздері оқыды. Сондықтан онлайн оқудың қиыншылықтары туралы айта алмаймын.
- Төртінші тоқсанды қашықтан оқыту қиынға соқты. Бала сабақты үйреген мұғалімнен тыңдағысы келеді. Туындаған сұрағына дер кезінде жауап алғысы келеді. Біздің үйде үш оқушы бар. Менің ұялы телефоным үшеуіне жетпей, аяқ астынан планшет сатып алуға тура келді. Оның үстіне үш сыныптың whatsapp-тағы чаттарынан келетін хабарламалардан миым ашып отыратын. Тапсырманы үш балаға бірдей таратып, орындап үлгермеген кездер болды.
- Қашықтан оқудың артықшылықтары мен кемшіліктері қандай?
- Артықшылығы аса байқалмады. Баланы киіндіріп, мектепке апарып әуре болмайсың. Мұғалімнің қадірін ұғына түстік. Ал кемшілігі, баланың білім алуға ынтасы болмайды. Үйде жүрмін ғой деген ой болады да, сабағына немкетті, атүсті қарай бастайды екен. Ал мектепке барып келетін болса сабағына салмақты қарайды.
- Артықшылығы тапсырмаларды орындауға уақыт көбірек болады. Жолға кететін уақытты үнемдейсің. Ал кемшілігі балаларды объективті бағалаған жоқ, бала үнемі бақылауда болды және кейде сабақты түсіндіру қиынға соқты.
- Қашықтан оқудың ешқандай артықшылығын көрмедім. Баланың ұялы телефоны интернетке қосулы, ойына келегенін істейді. Балаға ешқандай талап қойылмайды, қадағаланбайды. Кез келген ақпаратты интернеттен ала салады.
- Үйден оқудың артықшылықтары ауыр сумка тасымайды, баланың үнемі қарны тоқ. Алайда менің үш балам да төртінші тоқсанда жақсы білім алды деп айта алмаймын.
- Қашықтан оқудың артықшылығы балаңның сабағын қадағалауға мүмкіндік болады, ал кемшілігі, басқа жұмыстарыңа қолың тимейді.
- Онлайн оқудың артықшылығын көрмедім.
- Балаңызды жаңа оқу жылында онлайн оқытуға дайынсыз ба?
- Төтенше жағдай болса амал жоқ онлайн оқытамыз ғой. Індет тарап біткенше қайда барамыз? Бастысы адамдар аман, ұрпағымыздың дені сау болсын.
- Егер мемлекет жаңа оқу жылын онлайн оқытамыз деп шешім қабылдаса қарсылық көрсетпеймін. Бірақ түбегейлі қарсымын.
- Жаңа оқу жылында онлайн оқуға дайын емеспіз. Мектеп ең алдымен қоғамдық орын. Ол жерде бала өз-өзін көрсетіп, жарыстарға қатысып, балалар бір бірімен көріспегеннен кейін бала дамиды деп ойламаймын.
- Балаларымды онлайн оқытуға дайын емеспін. Себебі ауылымызда интернет нашар жұмыс істейді.
- Жаңа оқу жылында онлайн оқуға дайын емеспін. Себебі үшінші балам даярлық сыныпты бітірді. Енді бірінші сыныпқа барады. Ал үлкен қызым бастауыш сыныпты бітіріп, бесінші сыныпқа өтеді. Сынып жетекшісі ауысады, қосымша пәндер қосылады. Оларға үйрену үшін мектепке барғаны жақсы болар еді.