Қазақстанда мемлекеттік тіл туралы заң қабылдана ма?

09.08.2023 Мінбер
12
Іргеміздегі Қырғыз елі мемлекеттік қызметкерлерге қырғыз тілін білуді міндеттейтін конституциялық заң қабылдады. Ал Орта Азияда үнемі бірінші орында болуға тырсатын Ақорда батылы жетіп, мемлекеттік тіл туралы заңды қабылдай ала ма? Күзде өз жұмысын бастайтын Парламент депутаттары мемлекеттік тілдің мәселесін көтеріп, маңызды заңның қабылдануына бастамашы бола ала ма? Осы және өзге де сұрақтарды Мәжілістің бірнеше депутатына қойдық.

«Қазыбек Исаның алдына түсе алмаймын» 

Мажоритарлық сайлау жүйесі бойынша Алматы қаласынан Мәжіліс депутаты болған Ермұрат Бапиға «Қазақ тілінің мәртебесін көтеретін заң қабылдаймыз ба, жоқ па?» деп сұрақты төтесінен қойдық. Ұзақ жыл оппозициялық «Дат» газетін шығарған азамат «Мұндай заңды міндетті түрде қабылдауымыз керек» - дейді.

Негізі «керек, қажет» деген әдемі сөзді әркім айта береді. Бірақ Ермұрат Бапидің өзі депутаттық сауал жолдап, мемлекеттік тіл туралы заңның қабылдануына бастамашы бола ма?

Біз осы күзде депутаттық топ құрамыз ба деген ойымыз бар. Онда тәуелсіз депутаттар ғана емес, партия атынан мандат алған азаматтар болса деген ниетіміз бар. Бірақ оны ресми, құзыретті үкімет деуге болмайды. Сол кезде мемлекеттік тілдің мәселесін талқылауға саламыз. Өйткені қазақ тілін көтеріп жүрген Қазыбек Иса секілді депутаттар бар. Енді мен аяқ астынан жұлқынып шығып, Қазыбек Исаның алдына түсе алмаймын. Бірақ жаңадан құрылуы мүмкін депутаттық топтың атынан мемлекеттік тілдің мәселесін талқылайтын боламыз, – дейді депутат.

«Аманат» депутаттары арасында алауыздық көп»

Ал Парламенттегі «Аманат» партиясының өкілі Самат Мұсабаев «Қазақстан Қырғыз елі секілді мемлекеттік қызметшілердің қазақ тілін міндеттейтін заң қабылдауы керек» деген пікірде. Бірақ ол арнайы заң қабылдамай-ақ арнайы қаулы арқылы мемлекеттік қызметшілерге қазақ тілін білуді міндеттеуге болатынын ескертті.

«Аманат» Парламенттегі басымдыққа ие әрі Үкімет жасақтап отырған партия. Билік партиясының депутаттары бір ауызды болып, осы мәселені шеше ала ма? Самат Базарбайұлының біздің бұл сауалымызға берген жауабы қызық болды.

Бір ауызды бола алмайды бұлар да. Оның ішінде қолдайтын да, қарсылар да бар. Мен өз басым мемлекеттік қызметшінің қазақ тілін білуін қолдаймын. Мен өзіме жауап беремін. Еділ Жаңбыршин, Қазыбек Иса секілді депутаттар қолдайды, – деп қысқа қайырды.

«Көршіміз заң қабылдады» деп ойбайлаудың қажеті жоқ

Келесі Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Қырғызстан қабылдаған заңынан жаңалық көрмегенін айтады. Өйткені ол орыс тілі – ресми тіл күйінде қалғанын еске салды. Ал Қазақстан билігі мемлекеттік қызметкерлердің қазақ тілін білуін қырғыздар секілді міндеттеуі мүмкін бе?

Айдос Сарым мемлекеттік тіл туралы заң латын әліпбиімен қатар қабылдануы керек деген пікірде. Соңғы кездері назардан тыс қалған латын әліпбиін Тоқаев билігі қабылдай ала ма?

Латын әліпбиін қабылдау тоқтаған жоқ. Бұл бағытта үлкен жұмыс жүріп жатыр. Қазіргі таңда Тіл білімі институты қазақ тілінің әдеби корпусын жасақтап жатыр. Менің ойымша, мемлекеттік тіл туралы заң латын әліпбиімен қатар жүру керек. Латын әліпбиі пісіп жетілгенде соны қабылдайтын, оған леп беретін деңгейде заң қабылдану керек. Сондықтан «Көршілеріміз заң қабылдады екен» деп, ойбайлап, бізде дәл сондай қабылдауымыз керек пе? Мысалы, бізде Жастар саясаты деген маған ұнамайтын заң бар. Ішінде алып бара жатқан ештеңе жоқ. Бірақ әйтеуір кезінде осы заң қабылданған болатын, - дейді Айдос Сарым.

P.S. Қазіргі таңда еліміздегі қазақтардың үлесі 70 пайыздан асты. Сондай-ақ биыл 1 сыныпқа баратын оқушылардың 70,7 пайызы қазақ сыныбын таңдап отыр. Бірақ азаматтардың 30 пайызы өз болашағын орыс тілімен байланыстырып отырғаны өкінішті жағдай. Бұл әрине мемлекеттік тілді білуді міндеттейтін заңның солқылдақ болып тұрғанының белгісі. Егер қазақ тілін білуді міндеттейтін заң қабылданса, онда оқушылардың 90 пайызы қазақ тілін таңдар еді.

Серғали Асланбек, Arasha.kz

ФОТО: дереккөз