Ғалымжан Жақиянов: Путинсіз Қазақстан - не істемек керек?

05.07.2023 Мінбер
8
Белгілі саясаткер Ғалымжан Жақиянов Украина мен Ресей арасындағы соғыста Ресейдің әлсіреп бара жатқанын айтып, Путин режимі құласа, ұзақ жылдар бойы ресми Мәскеудің ықпалынан шыға алмай келе жатқан Қазақстанның болашағы қандай болатыны, қандай таңдау күтіп тұрғаны жайлы ой-пікірін жария етті.

Егеменді Қазақстан қандай болуы керек?

Ол "біз әртүрліміз, дүниетанымымыз да әртүрлі" деген пікірде.

Менің де құндылықтарым мен пікірім бар және олар мені білетіндерге мәлім деп ойлаймын. Бірақ бұл жерде мен оларды басқалар қабылдауы тиіс деп отырған жоқпын. Мәселе тіпті менің не басқа біреулердің пікірінде емес. Мәселе халықтың еркін таңдауына жол ашуда. Бұл процеске сырттағы «ұлы» көршілер мен «көкелер» араласпауы керек. Жаңа, әділетті Қазақстанның қандай болатынын қазір Ақорда кабинеттерінде отырғандар да шешпеуі тиіс. Олардың бар міндеті – халықтың өз еркі мен пікірін білдіруіне жағдай жасау ғана – дейді ол.

Не істемек керек?

Оның сөзіне қарағанда, Ақорданың қазіргі «иелеріне» келер болсақ, оларға болашақ ұрпақ алдында үлкен жауапкершілік жүктеліп тұр.

Ең бірінші кезекте жауапкершілік президент Қ.Тоқаевтың мойнында. Шынайы егемендікке жету жолымыз ауыр сынақтар, тіпті қантөгіс арқылы өте ме, әлде ізгі құндылықтар жолында ұлт ретінде есейгендігімізді және ауызбіршілігімізді таныта аламыз ба – қазіргі билік басындағыларға тікелей байланысты. Бәлкім, бұл олардың ең маңызды тарихи миссиясы болар. Путиннен кейін орыс «көке» болмайды, халық енді шетелден жерімізге әскер кіргізіп қойып, қарап отырмайды. Бүгінгі билікті осы қалпында сақтау үшін саяси технологиялар мен көзбояушылық та көмектеспейді. Тарих кітаптарында халықтың алғысына емес, қарғысына лайық болып қалғысы келмесе, өткен қателіктерді қайталамауы керек дейді ол.

Билік ұлттық диалогке дайын екенін көрсетуі керек

P.S. Осыдан 22 жыл бұрын «Таңдау жасайтын уақыт» атты мақалам шыққан. Онда еліміздегі демократия және әкімдерді сайлау туралы мәселелер көтерілген болатын. Артынан мақаладағы кейбір идеялар 2001 жылы құрылған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ДВК) қозғалысының Үндеуінде орын тапты. Сондағы біздің саяси реформаларды жүргізү жөніндегі шақыруымызға президент Н. Назарбаев құлақ аспады, керісінше, қуғын-сүргін саясатына кірісті. Кезінде сол идеялар неліктен жүзеге аспады дегенге нақты жауап жоқ. Мүмкін бізге ұйымшылдық пен ауызбірлік жетіспеді, немесе элита билігі мен ақшасынан айырылғысы келмеді. Мүмкін қоғамның саясатқа немқұрайлықпен қарағаны не басқа да себептер болған шығар. Енді алдымызда тағы да таңдау тұр. Біз бұл тарихи мүмкіндікті болашақ ұрпағымыз үшін пайдалануымыз керек.

Arasha.kz ФОТО: orda.kz