Бюджеттен 775 млн доллар бөлу: Мынау не масқара?

08.11.2023 Мінбер
5
Халық кедейшіліктің құзына құлап жатқанда спортқа 775 миллион доллар бөлу сау адамның ақылына сия ма? Парламент мәжілісінің депутаты Нартай Аралбайұлы Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында осылай деді.

Ең сорақысы, қисапсыз ақша бөлсек те, жеткен жетістігіміз жоқ.

Мысалы, 2021 жылы Токиода өткен Жазғы олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы бар-жоғы 8 қола медаль иеленіп 92 мемлекеттің ішінде 83-ші орын алды. Сонда әлгі 775 миллион долларға жеткен жетістігіміз осы ма? Енді салыстырып айтайын, Жоғары жетістіктер спортына 41 миллион доллар бөлген Нидерланды Токиодағы олимпиадада 10 алтын, 12 күміс, 14 қола медаль алды. Ал Жоғары жетістіктер спортына 46 миллион доллар бөлген Дания Токиода 3 алтын, 4 күміс, 4 қола медаль алды. Біз 775 миллион долларды спортқа бөліп 8 қоламен келдік – деді Нартай Сәрсенғалиев.

Жуырда Қытайда өткен Азия ойындарынан 11 орынмен оралғанымызды және қосыңыз бұған.

Ал Ұлттық спортымыздың хәлі нешік дегенге келейік.

Ұлттық спорт түрлерін қолдауға 2024 жылға бар болғаны 10 миллион 460 мың теңге бөлу жоспарланған. Өте аз. Мұны қалай түсінуге болады? Ол аздай, Қазақ күресін мазақ қылып турнур ұйымдастырып, оны жаһанға жариялап жүргендер және бар. Тағы бір мәселе, Спорт және туризм министрлігінің бюджетін қарағанда құжаттың 311-ші бағдарламасында: «жеке және заңды тұлғаларға, оның ішінде шаруа, фермерлік қожалықтарды субсидиялауға 54 миллиард теңге қарастырылыпты. Министрлік шаруа қожалықтары мен фермерлік қожалықтарға не үшін қаражат бермекші? Бұл сауалды комитет отырысында қойдық, бірақ жауап ала алмадық – деді ол.

Сонымен қатар ол бұл салаға қатысты өз ұсыныстарын да айтты.
  1. Министрлік бекіткен 180 спорт түрін шұғыл қысқарту қажет. Мемлекет басымдық беретін бағыттарда олимпиадалық, ұлттық, одан кейін, пара және сурдолимпиадалық спорттар қалуы тиіс. Олимпиадалық спорттардың барлығы бірдей  жеміс беріп жатқан жоқ. Сондықтан сараптама жасап, жүлде әкелетін түрлеріне ғана басымдық беру керек.
  2. Кәсіби спорт клубтарына берілетін ақшаны шектеу қажет. Мысалы, «Астана» футбол клубы, «Барыс» хоккей клубы, «Астана» баскетбол клубы мен «Астана» велокомандасына жылына «Самрұқ-Қазына»-дан 65 миллион доллар бөлінеді. Бұл асып-тасу, түптеп келген ол ақша «Самрұқ-Қазына»-ның емес халықтың ақшасы.
  3. Легионерлерге бюджеттің есебінен айлық төлеуді тоқтату керек. Неге біз қазынадан шетелдік спортшыны асырауымыз керек. Легионер шақыра ма, оның айлығын демеушілердің есебінен төлесін спорттық клубтар.
  4. Жергілік спорт федерациялары тікелей орталыққа бағынуы керек. Әйтпесе қазір әркім білгенін істеп кетті. Салдарынан нәтиже жоқ.
  5. Спорт саласына «мониторинг» деген түсінік енгізу керек. Өйткені құзырлы ведомства аймақтағы жағдайлардан бейхабар, тексеріп те бара алмайды. Аталған ұсыныстарды неғұрлым тез жүзеге асыру қажет. Себебі жуырда Париж Олимпиадасы басталады, сол кезде тағы ұятқа қалмау керек.

Arasha.kz

ФОТО: parlam.kz