Франция фильмдерін қазақ тіліне дубляждауға көмектесуге дайын

16.05.2024 Мәдениет
5

Қазақстандағы Ұлттық киноны қолдау орталығы мен Францияның Ұлттық кинематография және анимация орталығы халықаралық Канн фестивалі аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Маңызды қадам қос ел арасындағы мәдени қарым-қатынасты нығайтып, киноиндустрия саласын дамытуға бағытталған.

Меморандум аясында тараптар екі елдің кино өнімдерін өз аумақтарында таратуға қолдау көрсетеді.

«Кино өнімдерін шетелде тарату – мәдени әралуандықты ілгерілетудің маңызды факторы. Бұл орайда Франциядағы Ұлттық кинематография және анимация орталығы қазақстандық әріптестерге кино өндірісін халықаралық деңгейде ілгерілетуге қатысты сараптамаларын бөліседі. Бұл – тәжірибе толыстыруға таптырмас мүмкіндік», – дейді Қазақстандағы Ұлттық киноны қолдау орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали.

Франция Ұлттық кинематография және анимация орталығы қазақ фильмдерін таратуға, француз фильмдерін қазақ тіліне дубляждауға көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.