Шымкент қаласының Наурыз шарасына жұмсаған 500 миллион теңгеден аса қаржының есебін халық Майғазиевтен сұрауды тоқтатқан жоқ. Осы тұста журналист Мият Кәшібай әншінің жақында тағы бір келісімшарт жасағанын алға тартты.
Шымкент қалалық мәдениет басқармасы Сәкен Майғазиевтың Мәдениет үйі жетекшілігінен өз еркімен кеткенін мәлімдеді. Қоғам белсенділері Сәкен Майғазиев басқарған Мәдениет үйі арқылы 500 миллионнан астам сомаға түрлі шаралар өткізу үшін тендерлер жарияланғанын, алайда оның есебі ашық болмағанын наурыз айының соңында жазған болатын. Бұл мәселеге журналистік зерттеу жүргізген "Қазақ таймс" порталының тілшісі Мият Кәшібай Сәкен Майғазиев "Түркістан сарайы" директоры болып тұрып, жақында тағы бір мемлекеттік сатып алу жасаған дейді. Тілшінің айтуынша, "Түркістан сарайы" Шәмші әндерінің концертін өткізу үшін қызметін небәрі бірнеше күн бұрын ғана бастаған кәсіпкермен құны 60 млн теңгеге келісімшарт жасасыпты.