«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы – ел ертеңінің кепілі
«Рас, біз біріккен Араб Әмірлігіндей балаларымыздың болашағы үшін қаржы бөле алмаймыз, оған экономикалық әлеуетіміз де көтермейді. Арабтарда өмір есігін ашқан әр баланың атынан есепшот ашылады. Мұнайы мен газынан түскен пайданың белгілі бір мөлшері аударылып отырады да, бала кәмілкеттік жасқа толғанда есепшотында 100 мың АҚШ доллары мөлшерінде қаражат жиналып тұрады. Қызығы біріккен Араб Әмірлігінің кейбір тұрғыны мемлекет тарапынан берілетін осындай орасан жеңілдіктерді, атаулы әлеуметтік көмек түрлерін қажет етпейді де. Неге? Өйткені табысы тым жоғары, оған мұқтаж да емес. Біз мұндай дәрежеге жете алмасымыз белгілі. Бірақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы Жолдауында айтып, жүзеге асырған саяси реформасының бірі «Ұлттық қор – балаларға» өте ілкімді бағдарлама дер едім. Әрине әр баланың өзіне деп бұйыратын несібесі яғни 18 жасқа толғанша Ұлттық қордың инвестициялауынан түсетін қаржы есебінен жиналады. Тым қомақты болмаса да бір қажетіне жарайтын қаражат сақталады», – дейді экономист Жарқын Нақыпов. Экономист мысал еткен біріккен Араб Әмірлігінде жаңадан оту құрған жастарға тіпті несие де беріледі, балалы болғанда әлгі рәсімдеген несие жойлады. Өйткені жас отбасы мемлекеттің келешегін кемел ететін өмірге ұрпақ әкеліп отыр. Азияны қоя тұрып, Еуропаның үлісін мысал етсек, Ирландия билігі әр туған балаға бір реттік көмек ретінде 2500 доллар аударады, әрі жеті жасқа толғанша ай сайын 150 доллар жәрдемақы тағы төлейді. Мұның барлығы да мемлекеттің келешегі үшін жүзеге асырылып жатқан қыруар жұмыс.
«Алматы дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау жөніндегі орталығының» директоры Гүлнұр Кәрімқажы «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының тиімділігі өте жоғары деп санайды. «Өзіңіз білесіз, жоғары оқу орындарында ақылы негізде оқу жыл сайын қымбаттап барады. Білім грантына іліне алмаған студент ақылы бөлімге түссе, өзінің қорында жиналған қаражатпен біраз шығын жабатыны анық. Дер кезінде көтерілген бастама деп қабылдаймын», - дейді орталық директоры.Мемлекет басшысының былтырғы жылы жасаған саяси реформасының бірі «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын жүзеге асыру өрісін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жүргізеді. Бұлай болатын себебі елімізде шоттарды ашу жұмыстарын жүргізуге қажетті техникалық мүмкіндігі жоғары бірыңғай есепке алудың инфрақұрылымдық орталығы да осы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры.Нұрдан Таңқы