Үкіметтің кейбір құзыреттері министрліктерге беріледі
03.09.2022
Қоғам
4
Президент Қ.К. Тоқаев кешегі Жолдауында мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғыртуды тапсырды. Оның аясында келесі шаралар атқарылуы тиіс:
- Үкіметтің кейбір құзыреттері министрліктерге беріледі. «Үкімет туралы» конституциялық заңның 20-бабына сәйкес министрлер салалық саясатты қалыптастыратыны белгілі. Осы норманың негізінде нақты басшының құзыретіне кіретін шешімдерді қабылдау мен келісуді жоғары деңгейдегі және алқалы органдарға беруге болмайтыны туралы 5 ай бұрын Президент Жарлығымен қағидат ретінде бекітілген еді. Сондықтан бұл тапсырма әр сала бойынша мемлекеттік саясатты қалыптастыруда және оны тиімді іске асыруда министрлер мен вице-министрлердің дербес жауапкершілігін арттыруға бағытталған деп ойлаймын.
- 1994 жылы «ҚР-ның Премьер-Министр Кеңсесі» болып құрылған мемлекеттік мекемесі – «ҚР-ның Үкімет Аппараты» ретінде қайта құрылады. Бұл тапсырманы да Президенттің 14 сәуірдегі «дебюрократияландыру» Жарлығының логикалық жалғасы деп түсінуге болады. Яғни, «Үкімет Аппараты» – орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру мен бақылау барысында олардың қызметтерін регламенттеудің оңтайлы деңгейін белгілеуі, әрі негізделмеген жаңа бюрократиялық талаптарды, есептілік пен бақылау түрлерін енгізуге жол бермеуге тиіс. Демек, бұл органның аты ғана өзгермейді, оның құрамындағы құрылымдық бөлімшелер жаңа мақсаттарға сай қайта құрылып, міндеттері мен функциялары қайтадан анықталады дегенді білдіреді.
- Мемлекеттік органдардың нәтижелігі мен жауапкершілігін арттыру үшін жаңа әкімшілік реформа әзірленеді. Бұл реформа ең алдымен «Жаңа Қазақстанды» құру үшін жаңа басқарушыларды мемлекеттік басқару жүйесіне тартуға, квазимемлекеттік сектордағы басқару ісінің тиімділігін арттыруға бағытталады.
- Мемлекеттік басқару мәселелері бойынша жыл сайынғы Ұлттық баяндама әзірленеді. Бұл құжатты дайындау мен оны Парламентте талқылау – өте тың бастама деп санаймын және ол мемлекеттік басқару ғылымына да оң әсерін тигізеді.
ҚР Президентінің жанындағы
Мемлекеттік басқару академиясының түлегі
– Байбол Ержан Құрманғалиұлы