СҚО-ға – Қызылжар, Павлодарға – Баянауыл деген тарихи атауларын қайтаруымыз керек – Берік Әбдіғалиұлы

28.02.2023 Қоғам
5
«Кеңестік кезеңнен қалған атаулардан арылатын уақыт жетті. СҚО-ға – Қызылжар, Павлодарға – Баянауыл, БҚО-ға – Ақжайық, ШҚО-ға – Алтай деген тарихи атауларын қайтаруымыз керек». Бұл пікірді Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Жезқазған қаласында өткен «Ұлытау облысының рухани дамуы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтты. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының бастамасымен өткен шараға қатысқан Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы былтыр ғана ашылған облыстың «Ұлытау» деп аталуы елге ерекше рух, қуат бергенін атап өтті, деп жазды Orda.kz.

Аймақ басшысы кеңестік кезеңнен қалған атаулардан арылатын уақыт жеткенін айтып, осы үрдісті одан әрі жалғастыру қажеттігіне тоқталды.

– Сан ғасырлық тарихы бар қазақ жерінде қасиетті тарихи атауларымыз қайта оралуы керек деп есептеймін. Батыс Қазақстан – Ақжайық, Шығыс Қазақстан – Алтай, Солтүстік Қазақстан – Қызылжар, Павлодар – Баянауыл облысы деп аталса, тарихи әділдік орнап, ел мен жер тағдыры үшін күресіп, осындай ұлан байтақ жерге иелік еткен ата-баба мұрасы қайта жаңғырар еді, – деп түйіндеді өз ойын Берік Әбдіғалиұлы.