Шымкентте бүтін бір шағын аудан екінші қыс жылусыз отыр
Ал көрші үйдегі пәтердің іші былтыр жылу болмаған соң көгеріп кеткен. Ол кезде туыстарының үйін паналаған отбасы биыл несиеге алған пәтеріне амалсыз көшіп келіпті. Бірақ баспана деген аты болмаса, мұз құрсауда тұрғандаймыз дейді үй қожайыны.
«Үйіміз суық, үйде осылай сырт киіммен қалпақпен жүреміз. Үш балам бар. Үшеуі де кішкентай. Егіз балам бар. Батареяларының түрі мынау. Бір дәу бөлмеге осы жете ме, үш бөлмелі бөлмеге! Қатты жаурап кеттік. Уһ дегеннен ауыздан бу шығады үйде. (жылайды)», дейді Шымкент тұрғыны Сымбат Бегалиева.Шымсити шағын ауданындағы 37 көпқабатты үйдің бәрінде осындай жағдай. Шенеуніктер мұны жақсы біледі дейді тұрғындар. Себебі, былтыр да жаураған жұрт ұлардай шулаған кезде келген жылу орталығының басшылары мен әкім-қаралар тұтас аудан бір қазандыққа тәуелді екенін айтып, қосымша қазандық қоямыз деп, ұмытыпты. Бір қызығы, мұнда жылу шенеуніктермен бірге келіп, бірге кетеді екен. Ал таңертеңнен бері Шымситидегі үйлерді тексеріп жүрген шенеуніктер «Шымкент екінші Екібастұз болмайды» дейді. Десе де әзірге жылудың жоғалуын жорамалдап қана отыр.Басшылар әзірге нақты себебін білмесе де, бүгін түнде Шымиситеді үйлердің бәрінде жылу болады деп сендірді. Бірақ шенеуніктердің сөзі батареядағы жылу сияқты өзімен бірге жоғалады деген тұрғындардың әзірге уәдеге сенуден басқа амалы жоқ.«Алдын ана жобалауымыз бойынша, бұл жерде екі себеп болуы мүмкін. Біріншісі, электрдегі ақаулар, фазалар ауысып кетуі мүмкін. Қазір мамандарды шақырдық. Электрик мамандар, сонымен айналысамыз. Ол бірекі сағатта белгілі болуы керек. Нәтижесін көрсетуі керек. Егер ол болмаса, онда біздің мамандардың айтуынша, жылу ауыстыру деген құрылғы бар, суды айналдыратын, соның қуатын көбейту керек шығар деген», -деді Шымкент әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов.