Сандуғаш Дүйсенова өзін кімдердің шешіндіргенін айтты
14.08.2023
Қоғам
5
«Қазақстан полициясы журналист Сандуғаш Дүйсенованы шешіндіріп, видеоға түсірген” деп жазады ҚазТАГ және дәл осы ақпарат демалыс күндері желіде қызу талқыланды.
Сандуғаш Дүйсенова өзі qaz365.kz сайтына берген сұхбатында:
Ол өзін кімдер шешіндіргенін айтты.
Куәгер екі әйел, криминалист қыз, тергеуші әйел келді. Сол жерде шешіндірді. Криминалист бір видеокамерамен түсірді деңіз. Тергеушінің кабинетінде желке жағымда тағы бір үлкен камера тұрды. Бұл полиция департаменті басшысына қойылған камера болса керек. Облыстағы полиция басшысы – ер адам. Менің бала-шағам, немерелерім, күйеу балаларым бар. 55 жастағы әйелмін. Бірақ соған қарамастан, осылай шешіндіріп, қорлық көрсетті. Бұл видео басқа жаққа тарап кетпесіне кім кепіл? Ертең видео тараса, мына Сандуғаштың шешініп тастағаны несі деп біреу айтуы мүмкін ғой. Кейін наркологияға, сосын арақ ішкен-ішпегенін тексеретін бөлімге апарды. Іш киімдерімді тартып алды. Төстартқышты берсе, мен асылып қалады екенмін. Төстартқышсыз ер адамдардың алдында жүруіме тура келді. Масқара жағдай. Мен бірақ айтқандарының бәрін істедім. Қарсылық танытпадым. Намысқа тырыстым. Сөйтіп, уақытша ұстау изоляторына қамауға алды. Камераға концлагерьдегідей кеудемді қолыммен жауып кірдім. Жігіттер ұялды ма, әйтеуір, дұрыс матрас, көрпе-төсегін берді. Ал түнгі 00:40-та үйіме жіберді. Енді үйге келіп, осынша қорлық көргенім намысыма тиіп жатыр, – дейді журналист.Полиция бұл әрекеттің заң аясында жасалғанын мәлімдеген: “БАҚ-та және әлеуметтік желіде азамат Дүйсенованы ұстау барысында полицияның заңсыз әрекеттерге жол бергендігі туралы ақпарат тарап жатыр. Осы мәселеге орай, 11 тамызда соттың санкциясы бойынша жеке тінту жүргізілгенін мәлімдейміз” делінген онда. Полиция бұл тінтудің Қылмыстық Процессуалдық Кодекс талаптарына сай, криминалист пен екі әйел адамның қатысуымен жасалғанын айтады.Ал Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі журналистің жағдайы бақылауда деген болатын.
Журналист Сандуғаш Дүйсенованың ұсталғаны расталды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі оқиға болған сәттен ішкі істер органдарына хабарласып, мәселенің мән-жайын білді. Жетісу облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Сандуғаш Талдықорғанда жеке өмір мәліметтерін тарату туралы арыз бойынша ұсталып, ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхатпен шығарылған. Қазіргі таңда тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Министрлік мәселені назарда ұстайды және журналиске қандай да құқықтық көмек көрсетуге дайын.Arasha.kz
ФОТО: әлеуметтік желіден