"Рейдерлік тартып алу қайта келіп жатқан сияқты"

Сәулет басқармасы құрылысты рұқсатсыз салып жатырсыңдар деген уәж айтқан. Бірақ компания оларға 9 рет хат жазып, мардымды жауап ала алмағандарын айтады.
"Оларға 9 мәрте хат жаздым. Үнемі «мотивированный отказ» деп жазады. Олар бірінші рет жауап бергенде үйді не үшін салуға болмайтынын, қандай кемшілігім барын нақты көрсету керек еді, соған қарап мен кемшілігімді түзейтін едім. Дегенмен мен барлығын нормативке сай жүргізіп жатырмын",-дейді ол.Бастапқыда сәулет басқармасы құрылыс компаниясын экономикалық сотқа берген. Алайда сот үй сүрілуге жатпайды деген шешім шығарады. Кейін комапния иесі әкімшілік сотқа иск берген. Олар алдымен СЖТ алу керек, содан кейін эскиздік жұмыстар жүргізілсін деген шешім шығарады.
Жоғары сот бұзсын деп шешім шығарған құрылысқа 5 мың куб бетон, мың тонна арматура кеткен екен. Мұхтар Абитов бұл осы жерге қызыққан адамдардың істеп отырғаны ма деп күдіктенеді.
"Қазір 1990 жылдардағыдай рейдерлік тартып алу қайта келіп жатқан сияқты. Президент инвесторларға жағдай жасаңдар, қолдау көрсетіңдер деп айтқанымен атқарушы органдар керісінше жасап отыр, тіптен жасағаныңды тартып алып қойып жатыр. Басқаша қалай айтамын? Госактіде бұл жерге көпқабатты үй салуға болатыны көрсетілген. Су тарту, кәріз желісіне қосылу, газ тарту бойынша техникалық шарттары да бар. Электр желісін тартып, трансфомартор қойдым, оған қоса осы маңдағы көшелерді жарықтандырдым. Құрылысқа қатысты Ж-5 деген құжатым да бар. Қала әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаевтың қабылдауына кіргенімде ол кісі құжаттарымның барлығын көріп, «аға, сізде Ж-5 құжаты бар ма?» деп сұрады. Бар деп едім, «Ж-5» болса сізде ешқандай проблема болмау керек» деді. Мұндай талаптардың барлығы орындалғанда архитектура бізге СЖТ-ны міндетті түрде беру керек. Қасымдағы үйде тұратын көршілер құрылысты салуға қарсы емес екендерін білдіретін хатты да жазып берді, олар керісінше бұл жерде балабақша, дәріхана салынатын болды деп қуанып отыр. Бұл жерде тек СЖТ ғана ұстап тұр, оны неліктен бермей жатқанын түсінбедім",-деп налиды М.Абитов.«Арт Техносс» құрылыс компаниясы бұған дейін қалада бірнеше құрылыс нысандарын тұрғызған. 450 орынды балабақша, мектептер салған, бірақ ол кезде мұндай мәселе болмаған, дейді компания басшысы.
Құрылыс алаңында 55 адам жұмыс істеген, оларға 380-450 мың теңге көлемінде орташа айлық төленіп келіпті. Инвесторларға атқарушы органдар тарапынан жасалған қысымдар мен кедергілер мемлекетке қарсы жасалған қылымыс ретінде қаралсын, деген президенттің сөзін алға тартқан М.Абитов «ендігі үмітім мемлекет басшысында» дейді."Наурызбай ауданы әкімдігіне ешқандай наразылығым жоқ. Олар бізді инвестор есебінде тіркеді. Олардан ешқандай кедергі жоқ. 2-3 млрд теңге құямын дегенімде әкімдік керісінше қуанды. Бұл үйді тұрғызуға өз ақшамды салып отырмын. 12 қабатты екі үйден 176 пәтер қолданысқа берілу керек еді, оның ішінде 5-6 пәтерін жағдайы нашар, үйі жоқ жандарға берсем деп ниет етіп жүргенмін",-дейді ол.
Құрылысы жартылай біткен бұл нысан неліктен жарамсыз болып қалды және сәулет-жоспарлау тапсырмасын неге бермеді деген сұрақ бойынша Алматы қаласының әкімдігіне сұрау салған едік. Алдағы уақытта оның жауабын да жариялаймыз.