Қыруар қаржы бөлген спорт-сауықтыру кешені құлай бастады
Расында да құрылысы сонау 2019 жылы басталған дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің сиқы мынау. Құжат бойынша нысанға бюджеттің 1 миллирдтан астам теңгесі жұмсалады деп көзделген. Оның 750 миллионға жуық теңгесі төленіп те қойыпты. Бірақ бір жылға жетпей, ғимараттың құрылымдары құлай бастаған. Арада бақандай үш жыл өтсе де, құрылыс әлі тоқтап тұр. Аудандағы атқамінерлердің сөзінше, осы сауықтыру орталығының құрылысы биыл қаңтар айында басталуы керек еді. Алайда біз бұл жерден күзетшіден басқа бір тірі жанды таба алмадық. Айнала тым-тырыс, нысан сол қалпы тұр. Ұйғыр ауданының шенділерінен мардымды жауап ала алмадық. Тапсырыс беруші Алматы облысының құрылыс басқармасы екен. Олардың айтуынша, жобалаушы компаниямен қоса, құрылыс компаниясынан да қателік кеткен.
«Зерттеу нәтижесі бойынша жобалаушы компания «Жезқазған проект» компаниясы және мердігер «Лидер-НК» компаниясы. Жобалау компания тірек құрылғыларын жобалаған кезде есептен қателік кеткен. Ал мердігер компания жұмысының сапасы төмен болған. Тірек құрылғыларының жобаға сәйкес жасалмаған», - деді Алматы облысы құрылыс басқармасының басшысы Сапар Нұрашев.Айтуынша, мердігер компанияның қыруар қарызы болған. Жосықсыз құрылыс компаниялардың тізіміне де енген екен. Сондай-ақ спорттық-сауықтыру кешені бойынша сол кездегі құрылыс басқармасының орынбасары жауапқа тартылған. Кейін тіпті жұмыстан босатылыпты. Енді әкімдіктегілер конкурс өткізіп, жаңа құрылыс компаниясымен дене шынықтыру және сауықтыру кешенін келесі жылы толық бітіреміз деп сендірді.