Қоғамдық бақылаудың құқықтық тетігін қарастырады
Ал Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахметов бұл заң жобасында қазақстандықтарға қоғамдық бақылау жүргізуімен бірге олардың талап-тілегіне петиция арқылы құлақ түру тәжірибесі де қарастырылып жатқанына назар аударды. Бұл орайда петиция жариялаудың өз тәртібі бар екенін ұмытпаған жөн. Мәселен әлдебір мәселе бойынша петиция жариялау үшін қажетті дауыстар саны 3 есе азайтылды. Бұрын петицияны көпшіліктің талқысына салу үшін 150 дауыс қажет болса, қазір бар болғаны 50 дауыс жетіп жатыр. Салалық министрлік талаптарға сай келетін петицияларды үш жұмыс күні ішінде интернет-ресурста орналастырады. Бұдан кейін заңға сай петицияда көрсетілген мәселелерді қарап, ресми жауап беру мемлекеттік органдардың жауапкершілігіне кіреді. Сәйкесінше оларды қарау мерзімі де заңмен реттеледі.
Заң жобасында мемлекеттік органдардың петицияны қарау мерзімі нақты айқындалған. Орталық мемлекеттік органдар үшін петицияны қарау мерзімі 60 күннен 40 күнге, жергілікті атқарушы органдар үшін 20 күнге дейін қысқартылды. Петиция міндетті түрде қарауға қабылдануы үшін 5 мыңнан 50 мың дауыс аралығындағы шектік мәнге жетуі тиіс. Онда көтерілген мәселені шешу жауапкершілігі мемлекеттік органның бірінші басшысына жүктеледі. Тиісті деңгейде дауыс жинай алмаған петиция құзыреті бойынша тиісті мемлекеттік органға, жергілікті өкілді және атқарушы органға жіберіледі және Әкімшілік рәсімдік процессуалдық кодексте белгіленген тәртіппен жеке хабарлама, үн қосу немесе ұсыныс ретінде қаралады, – дейді АҚДМ Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет.Айта кетерлігі қоғамдық бақылау жүргізу немесе петиция жариялау процестерін жүзеге асыруға ешқандай қаржы бөлінбейді. Оны қаржыландыру тетігі заңда қарастырылған көздер арқылы жүргізілмек. Сарапшылар мұны қоғамдық бақылаудың лоббидің құралына айналып кетпеуі үшін жасалғанын айтады. Десе де бәрінен бұрын бұл тетіктердің ел басқару ісіне қарапайым азаматтарды көптеп тартудың алғашқы қадамы ретінде тануға болатындай.Arasha.kz
ФОТО: gov.kz