«QazMed» денсаулық сақшыларының қорғаны
Медицина қызметкерлерінің әлеуметтік, құқықтық тұрғыдан қорғалуын қамтамасыз ететін «QazMed» медицина қызметкерлері салалық кәсіподағы да бұл мәселеге баса назар аударады. Осыдан 8 жыл бұрын денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің мүддесін қорғау үшін құрылған ұйым 2019 жылы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының құрамына еніпті. «QazMed» медицина қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Әлиакпар Мәтішев осы уақыт аралығында ұйым шын мәнінде ақ халатты абзал жандардың қорғаудың қоғамдық институты ретінде қалыптасып үлгергенін айтады. Оны ұйымның түрткі болуымен салада жүзеге асырылған жаңашылдықтардан да байқауға болады.
Кәсіподақ ұйымының ұйытқы болуымен 2023-2025 жылдарға арналған салалық келісім қабылданды, 2023 жылдың қаңтарынан бастап еңбекақы төлеу жүйесінде арттырушы коэффициент 1,15-тен 3,32-ге дейін көтерілді. Медицина саласы қызметкерлерінің жалақысын индекстеу мүмкіндігі қарастырылды. Ең бастысы дәрігерлер мен мейіргерлердің, емдеу персоналының ақылы еңбек демалысының мерзімі де ұзарды, – деді Әлиакпар Мәтішев.Кәсіподақ федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин салалық кәсіподақ ұйымының медицина саласы қызметкерлерінің де әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғауды бақылауда ұстайтынын тілге тиек етті.Бүгінде «QazMed» салалық кәсіподақ ұйымының кеңесшісі қызметін атқаратын Елжан Біртанов медицина қызметкерлерін құқықтық тұрғыдан қорғау күллі қоғамның жауапкершілігі екенін алға тартады. Әрине бұл мәселеде салалық кәсіподақтарға ерекше жауапкершілік жүктелетіні сөзсіз.
Медицина саласын дамытуда салалық кәсіподақтарға зор сенім артылады. Медицина қызметкерлерін жан-жақты қорғау қазір өзекті бола түсті. Әсіресе дәрігерлер мен мейіргерлердің мүддесін қорғаудың заңнамалық базасын жетілдіру маңызды, - дейді Елжан Біртанов.Қазір Парламентте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланып жатыр. Заң жобасына салалық кәсіподақ ұйымы белсенділерінің араласуымен дәрігерлік қателіктерді қылмыс деп танымау туралы ұсыныс енгізілді. Бұл ұсыныс Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 317-бапты алып тастауға бағытталған. Осылайша сала мамандары дәрігерлік қателіктің ауырлығына байланысты денсаулық сақшыларының айыппұлдан бас бостандығынан айыруға дейінгі жауапкершілікке тартудың құқықтық негізін қайта қарауға ниетті. Әрине бір кездері ұстаздардың қоғам алдындағы беделін биіктету үшін қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заңнан кейін жекелеген сала мамандарының мәртебесін арттыру мәселесі күн тәртібіне қойыла бастады. Осының ішінен басқа-басқа дәрігерлердің де мәртебесін көтеруден ұтарымыз көп болмақ. Ал бұл істің басы-қасында сала мамандарының қалауын жетік білетін «QazMed» медицина қызметкерлері салалық кәсіподағы сияқты қоғамдық ұйымның жүргені қуантады.Arasha.kz
ФОТО: basnews.kz