Өскемен тұрғындары қою түтіннен тұншығып жатыр (Видео)
Өскеменде Титан-магний комбинаты маңындағы шығарындылардан кейін тұрғындар жағымсыз иіс жайлы шағымдануда.
Қалалық әкімдік шұғыл штаб құрылғанын және ауаны үнемі бақылау жүріп жатқанын хабарлады.
Жергілікті экология департаменті 19 мамырда жүргізілген алдын ала тексеріс барысында хлор көрсеткіші шекті мөлшерден асып кеткенін растады. Департамент жағдайды әрі қарай да бақылайтынын және артық мөлшер тіркелсе, қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданатынын мәлімдеді.
«ТМК» АҚ басшылығы апаттық шығарындылар болғанын жоққа шығаруда. Кәсіпорынның мәліметінше, сол күні №3 хлорлау қондырғысының конденсация жүйесіне жоспардан тыс профилактикалық тазарту жұмыстары жүргізілген. Жұмыс барысында гарнисаж төгіліп, нәтижесінде газ жүретін жол жабылған.
Дәрігерлер тұрғындар тарапынан улану белгілерімен шағым түспегенін айтады.
ШҚО денсаулық сақтау басқармасы қаладағы барлық медициналық мекемелер қалыпты режимде жұмыс істеп жатқанын, алайда жедел әрекет ету шаралары күшейтілгенін жеткізді. Егер көз ашыту, тамақ қышу, тыныс алудың қиындауы сынды белгілер байқалса, дереу дәрігерге жүгіну қажет екені ескертілді. Өндірістік аймаққа жақын ықшамаудандардың тұрғындарына химиялық ластану жағдайында не істеу керектігі туралы ескертпе таратылған.
Қала әкімі Алмат Ақыжанов кешкісін “ТМК” АҚ маңына барып, Instagram парақшасында облыстық жедел штаб құрылғанын және жағдай бақылауда екенін жазды.
ШҚО әкімдігі 20 мамыр күні таңертең мамандар оқиға орнына барып, тиісті өлшеулер жүргізгенін хабарлады. Қазіргі уақытта жоспарлы жұмыстар жүргізілуде.
Согра ықшамауданындағы мектеп оқушылары қашықтан оқыту форматына көшірілді.
Сонымен қатар “Қазгидромет” ІІ дәрежелі қолайсыз метеожағдай тіркелгенін, желдің жоқтығын хабарлады.
Еске сала кетейік, дабыл қағуға әлеуметтік желілерде тараған сары түтін туралы бейнежазбалар мен тұрғындардың шағымдары себеп болды.