Коронавирустың «көлеңкесінде» қалған ауру көп
Қазір жаһандық экология күрделі мәселеге айналды. Әрісін қоя тұрайық, елімізде де соңғы жылдары ауа мен судың тым ластанып жатқаны жайлы жиі дабыл қағылып жатыр. Бүгінде ерлер арасында ең көп кездесетін және ең жиі өлімге апаратын өкпе обыры екен. Өкпе обырынан қайтыс болғандардың 80 пайызы темекі шеккендер. Бәрін айт та, бірін айт, адамзатқа коронавируспен қатар қауіп төндіріп тұрған кеселдер көп-ақ.«Аурулардың себебі өте көп. Күнделікті тыныстайтын ауамыз, ішетін сусын, жеген тағамы мыздың басым бөлігі организм үшін қолайлы бола бермейді. Яғни, жақпауы мүмкін. Ал әрбір жағымсыз әсер ағзадан жай кете салмайды. Клеткалық деңгейде өзгерістер болып, дақ қалдырады. Мәселен, ғалымдардың арасында әлі талас бар. Біреу майлы тағам пайдалы десе, біреу зиян дейді. Кей ғалымдар жүрек пен қатерлі ісіктің ауруын тікелей осы тағамнан көреді. Менің ойымша, әр нәрсенің өз жөні, мөлшері бар. Сол мөлшер сақталуы қажет. Адамның жеген тамағында калория аз болуы мүмкін. Бірақ бастысы, ақуыз 10-15 пайыздан кем болмаса болды. Ал экологияны қалыпқа келтіру қолдан келмейтін тәрізді. Себебі адамзат тіршілік етуі қажет, сәйкесінше өндіріс пен зауыттар бар жерде табиғат та бұзыла бермек. Экология тағам сапасына тікелей әсер етеді. Мысалы, бұзылған қоршаған ортада өскен жеміс-жидек пен судың, мал етінің пайдасынан зияны көп болады. Ал бұлардың бәрі адам өміріне қауіпті ауруларды тудырмай қоймасы анық», – деген болатын Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов.