Депутаттар ажырасуды тоқтатудың жолын іздеді: "Күніге 389 неке тіркелсе, 150 отбасы ажырасады"

13.10.2021 Қоғам
4
Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай жоғары оқу орнында отбасы құндылықтарын дәріптейтін арнайы пән енгізуді ұсынды. Депутат ажырасуға бел буған ерлі-зайыптыларды татуластыру мерзімін 6 айға дейін ұзарту керек деген ұсыныс тастады.  Мәжілісмен қоғамдағы отбасы институтының әлсіреуіне, оның ішінде некелесудің азайып, ажырасудың өсуіне алаңдады. Айтуынша, соңғы жылдары бұл проблема жастар арасында белең алып барады.

Айтуынша, соңғы бес жылда орта есеппен күніне 389 неке тіркелсе, 150 отбасы ажырасқан.

"Ғаламдық індетке байланысты былтыр үйлену мен ажырасу төмендегенін ескергеннің өзінде, бұл жағдайға бей-жай қарауға болмайды. Өйткені бізге әрбір отбасының тағдыры қымбат", - деді мәжілісмен.

Осыған байланысты Мыңбай ажырасуды азайту үшін жоғары оқу орнында отбасы құндылықтарын дәріптейтін арнайы факультативті пән енгізуді ұсынды.