Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан атылған күн

Әлихантанушы Тұңғышбай Мұқан Қарағанды жастары ұйымдастырған шараға "тыңға түрен салған батыл бастама" деп жоғары баға беріп, өз ойымен бөлісті.
"Алаш қозғалысының қайраткері, «Алаш» демократиялық партиясының, «Алашорда» ұлттық автономиясының төрағасы, ұлт көсемі, дария білімді ғұлама ғалым, фольклоршы, этнограф, аудармашы, журналист, Абайтанушы, «Бүкіләлемдік шынайы, даңқты қайраткер» деп танылған дара тұлға, Қазақ даласындағы контрреволюциялық қозғалыстың жетекшісі деген жалған жаламен бүкіл тағдыры тауқыметке түскен, 6 рет түрмеге жабылып, 8 жыл айдауда, 15 жыл үй қамақта отырып, екі мәрте ату жазасына кесілген Әлихан Нұрмұхамедұлының «Мен ешқашан Совет өкіметін сүйген емеспін, бірақ мойындадым» деген Бутырка түрмесіндегі соңғы жауабымен аяқталып барып атылған қасіретті, қаралы күнін яғни жыл сайын бір айналып соғатын «27 қыркүйекті» аза тұтып, құран бағыштатып, еске алып, рухқа тағзым ету шарасына айналдыру туралы жас журналист, қоғам белсендісі Зарина Әшірбектің тыңға түрен салған батыл бастамасының сілкіністі жаңғырығы Қарағандыдан Ақтоғайға дейін жетіп, қала әкімінің орынбасары Ләззат Төкенқызы мен аудан әкімінің орынбасары Абылай Базылұлынан қолдау тауып, соның әсерімен осы серпілісті сапарға ерекше құлшыныспен қатысқан қала жастары, төре ұрпақтары жерленген «Талдыбейіт» қорымымен, Әлихан туған Жекежал қыстағымен, алаштанушы ғалым, профессор Айгүл Смақова «Хан тағы» деп атап кеткен Желтаудағы тәуелсіздіктің мұнарасындай Әлекеңнің тұғырлы Қаратасымен, іргелес жатқан Қарабауырдың қойтасындағы қола дәуірінің қаптаған тас таңбалармен танысып, тарих толқынынан дән тергендей толғанысқа тап болды", - дейді әлихантанушы Тұңғышбай Мұқан.Дала академигі биыл ел тарихында тұңғыш рет 27 қыркүйек «Әлихан рухына тағзым» күні ретінде белгіленіп отырғанын ерекше атады.
Әрі орай іс-шара бағдарламасына сәйкес Қарағанды жастары Алаш арысының кіндік қаны тамған қасиетті мекен – Ақтоғай өңірінің тарихымен танысып, Жекежал қыстағының орнын көрді. «Әлиханның шырақшысы» атанған дала академигі, белгілі өлкетанушы Тұңғышбай Мұқанмен бірге «Хан тағы» аталған қасиетті қара тасқа шығып, Әлихан Бөкейханның туған жерінде қола дәуірінен сақталған петроглифтер әлеміне саяхат жасады. Шара соңында қатысушылар Ақтоғай ауданындағы «Алаш» алаңындағы «Үш арыс» ескерткішіне, Ақтоғай археологиялық-этнографиялық мұражайына, Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған «Тарих тағылымы» саябағына және Ж.Шайдаров атындағы мәдени демалу орталық саябағына барып, Әлихан Бөкейханның бай мұрасынан ой түйіп, әсерленіп, рухтанып қайтты."Ал өзінің қас жауы Сталиннің өлген күніне дөп келетін Әлихан Нұрмұхамедұлының туған күні бесінші наурыздың Ақтоғай ауданында алғаш рет Әлихан атын иеленген жастардың форумы ретінде саясаттанушы ғалым Ерлан Кариннің қатысуымен салтанатты шара түрінде аталып өткендігі де маңыздылығымен есте сақталған болатын. Соның тағы бір баламасындай Алаш идеясына көзқарастары қаныға бастаған бір топ жастардың Әлекеңнің қаралы қазасының 19 жыл бұрынғы туған анасы Бегжан дүние салған күнімен бір күнге қапталдасып сәйкес келуін қарауылға алып, бүгінгі яғни 27 қыркүйекті алғаш рет «Әлихан рухына тағзым» күні ретінде өткізгендіктері Ақтоғай атырабындағы үзілмейтін тағылымды істердің тақырыбын жаңа арнаға бағыттап жіберді. Кезінде Кеңестер Одағының өз Одақтасы Қазақ КСР-ін тура 71 жыл өткенде бодандық бұғауынан амалсыздан босатып жіберуі, қарт Әлиханды 71 жасында «халық жауы» деп қиянатпен өлімге қиған қасіретті үкімінің қарымта жазасындай болғандығына «Талдыбейіт» қорымына табан тірегенде көздері жеткен жастар, Алаш қасіретінің ақтарылмай келе жатқан біраз құпия сырларын көкейлеріне күйзеліспен түйіп алды. Жанталасқан дүбірлі додаға толы XX ғасырдың алғашқы жартысында ақыл-ойының кемелдігімен әлемдік саяси тұлғаға айналған Әлихан Нұрмұхамедұлына «Талдыбейіттен» екі жарым кез жердің топырағы бұйырмаса да ұлылықтан рух іздеген талапты жастардың жаңа толқынының талпынысымен алып тұлғаның кіндік қаны тамып, анасының ақ сүтінен нәр алған Арқадағы жер биігі Жекежалда астарлы ақиқаттың тағы бір алаулаған шырағы жағылғандай болды", - дейді дала академигі Тұңғышбай Мұқан.