Бес облыстың дәрігерлері жалған вакцина паспортын сатқан

11.08.2021 Қоғам
4
Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Павлодар және Тараз қаласында коронавирус инфекциясына қарсы вакцина паспортын сатумен айналысқан медицина қызметкерлері мен басқа азаматтар анықталды. Олардың бұл әрекеті қаржы мониторингі агенттігінің жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде белгілі болды. Агенттіктің хабарлауынша, олар ақша табу мақсатында денсаулық сақтау органдары қойған міндеттер мен мораль нормаларына қарамастан азаматтарға жалған вакциналау жүргізген. Жалған паспортты 5 000-нан 30 000 теңгеге дейінгі бағада сатқан. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 385-бабында (жалған құжат жасау) көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамының белгілері бойынша 7 сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір жалған паспорт берілген 37 азамат анықталды. Сондай-ақ 12 адам, оның ішінде 8 медицина қызметкерінің жалған құжат жасағаны белгілі болды. Басқа күдікті тұлғаларды анықтау бойынша жедел-тергеу шаралары жалғасып жатыр.