Апатқа жиі түсетін автокөлік модельдері
Кейбір көліктер басқа машиналарға қарағанда жиірек жол апатына түседі. Бұған жүргізушінің демографиялық деректері, көлік өлшемі, тіпті түсі сияқты түрлі факторлар әсер етеді екен.
Insurify сақтандыру компаниясының деректеріне сүйене отырып жасалған инфографикада АҚШ-тағы жол апатына жиі ұшырайтын автокөлік модельдерінің рейтингі көрсетілген.

Көптеген ірі автокөлік өндірушілерінің тізімде кем дегенде бір моделі бар. Алайда Mercedes-Benz, Porsche және Cadillac сияқты кейбір премиум брендтер бұл тізімде кездеспейді.
Рейтингтің жоғарғы бөлігінде бірнеше электр көлігі бар. Атап айтқанда, Kia Soul EV (№1), Chevrolet Bolt EUV (№3), Bolt EV (№8) және Volt (№11), Volkswagen ID.4 (№5) пен Kia EV6 (№15).
Жас пен жыныс та жол апатына түсуге әсер ететін факторлар саналады. 16-19 жас аралығындағы жүргізушілер жол-көлік оқиғасына жиі ұшырайды. Ал жынысқа келсек, барлық жас топтары арасында ер адамдар әйелдерге қарағанда өліммен аяқталатын апатқа жиі тап болады.
Жол апатынан болған өлім-жітімнің көп бөлігі жеңіл жүк көліктеріне (42,7%) тиесілі. Олар жарақатпен аяқталатын апаттарда (42,3%) және мүлікке зиян келтіретін соқтығыстарда (43,6%) да жиі кездеседі.