Алматыда Қаңтар оқиғасына арналған «Тағзым» мемориалы ашылды

Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар қасіреті ел тарихындағы үлкен сынақ ретінде халқымыздың жадында сақталатынын атап өтіп, Алматыда «Тағзым» мемориалын орнатуды жөн көргенін жеткізді.
– Шын мәнінде, бұл ескерткіштің мағынасы терең, маңызы өте зор. Мұнда Қазақ елінің мемлекеттігін нығайту жолындағы қилы кезеңдер көрініс тапқан. Тас тұғырларға әйгілі тұлғаларымыздың өлеңдері және өсиеттері жазылған. Ұлтты ұйыстыратын осы сөздер әрқайсымызға ой салады. Бұл мемориалды қаңтарда қаза болған азаматтардың рухына тағзым ретінде тұрғыздық. Сондай-ақ оны кейінгі ұрпаққа тағылым болсын деп орнаттық. Мен осы мемориалдың бой көтеруіне атсалысқан сәулетшілерге және барлық азаматтарға ризашылығымды білдіремін, – деді Президент.Мемлекет басшысы қандай жағдай болса да, еліміз реформа жолымен ілгері дами беретінін жеткізді.
Мемлекет басшысы мыңдаған отандасымыздың – волонтерлердің, дәрігерлер мен полицейлердің және қарапайым адамдардың қаңтар оқиғасы кезінде шынайы батылдық пен жоғары азаматтық жауапкершіліктің үлгісін көрсеткеніне арнайы тоқталды.
– Олардың көбі бүгінгі салтанатты шараға қатысып отыр. Біз қасіретті қаңтар құрбандары мен нағыз қаһармандарды мәңгі есте сақтаймыз. Бір сөзбен айтқанда, біз ұлт болып осы қасіретті оқиғадан сабақ алуымыз керек. Құқық қорғау органдары және арнаулы құрылымдар ауқымды жұмыс атқарды. Тергеу барысы депутаттардың, Бас прокуратура өкілдерінің және заңгерлер қауымының қатысуымен Парламентте талқыланды. Сол күндердің мән-жайын жан-жақты қарастырып, қамауға алынғандарға заң тұрғысынан көмек көрсету үшін құрамына еліміздің беделді құқық қорғаушылары енген қоғамдық комиссиялар елеулі үлес қосты. Мұның бәрі болған оқиғаға шынайы қарауға мүмкіндік берді. Нәтижесінде жалған ұрандарға сеніп, қылмыскерлердің ықпалына түскен, алайда, ауыр қылмыс жасамаған азаматтарға менің Жарлығыммен рақымшылық жасалды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Президент сонымен қатар бұзақыларды, радикалдар мен лаңкестерді батыр етіп көрсетудің қажеті жоқ екенін атап өтті. Оның пікірінше, нағыз батырлар – жұмысшылар, фермерлер, дәрігерлер мен медбикелер, мұғалімдер мен оқытушылар, ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері, кәсіпкерлер мен спортшылар. Президент сөзін қорытындылай келе қаңтар оқиғасы бәріміз үшін үлкен сабақ болғанын жеткізді.«Тағзым» мемориалы қаңтар оқиғасының эпицентрі болған жерде салынды. Республика алаңы халқымыз үшін киелі орын саналады. Мемориал тағзым ететін және еске алатын, сондай-ақ халқымыздың даналығын, батылдығы мен күш-қуатын көрсететін орынға айналады. «Тағзым» мемориалы – көп сатылы сәулет кешені. Бұл ескерткіш әртүрлі түстен тұратын төрт эмоционалды-архитектуралық бөлікке бөлінеді. Атап айтқанда, ақшыл сұр бөлігі еңсеруді, қара түс қаңтар оқиғасы кезіндегі дүрбелең мен үрейді бейнелейді, ал сұр бөлігі – құрбан болғандар мен төгілген қанның, адам шығынының символы, ақ түс тұрақтылық пен дамуға ұмтылуды, қоғамның әл-ауқатын, ұлттың өзін-өзі тануын, күш пен әділетті мемлекетке деген сенімді білдіреді. Әр бөлікте халқымыздың ұлы тұлғаларының қанатты сөздері жазылған тастар мен стеллалар орнатылған. Жобаның авторлары – қазақстандық жас сәулетшілер Алексей Ивженко және Ғайни Сағидуллаева.– Біз құт-берекенің бастауы тұрақтылық екенін ұғындық. Ел тыныштығын сақтай білмесек, дүние бір сәтте астаң-кестең болатынын көрдік. Тәуелсіздігіміз бен мемлекеттігімізді күн сайын қорғауымыз қажет екенін сезіндік. «Жау жоқ деме, жар астында» деген сөздің мәнін де жете түсіндік. Ынтымақ пен бірлік болмаса, басқа жетістіктің бәрі бекер екеніне көз жеткіздік. Сондықтан қаңтар қасіреті және сол кезде өмірі қиылған азаматтар біздің жадымызда мәңгі сақталады. Біз ұлт болып ұйыссақ, кез келген қауіп-қатерді еңсере аламыз. Мен Президент ретінде мемлекетіміздің тұтастығын және халқымыздың амандығын сақтау үшін бәрін жасаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.