Алматы прокуратурасы Artsport бағдарламасын тексеріп жатыр
28.09.2022
Қоғам
4
Алматыда спорттық және шығармашылық тапсырысты жүзеге асыру бойынша қоғамдық жұмыс тобының кезекті отырысы өтті.
Бас прокуратураның тапсырмасы бойынша Алматы қаласының прокуратурасы Artsport бағдарламасын тексеріп жатыр. Соның нәтижесінде айтарлықтай заң бұзушылықтар анықталған. Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасары Нұрсұлтан Рақышевтың айтуынша, алты қылмыстық іс қозғауға негіз бар.
Прокурордың сөзіне жүгінсек, 3000-нан астам бала шетелде болса да, қағаз жүзінде үйірмеге тіркелген, 5000-нан астам сабақ өткізілмеген.
«Бұл ретте, еңбек шарттарын жасаспаған, зейнетақы аударымдары жүргізілмеген жаттықтырушылардың өздеріне қатысты да еңбек құқықтарының бұзылуына жол берілді. Бірнеше миллион долларлық залал келтірілді, тексеру әлі жалғасып жатыр. Бұған қоса, жүйенің жұмысына қатысты мәселелер бар. Қазір біз тексеру комиссиясымен бірлесіп, бақылау-қадағалау органдарына жоқ ЖСН, басқа облыстарда тұратын балалар және т.б. с.с алаяқтықтың жолын кесу үшін бағдарламаның өзіне техникалық аудит жүргізуді пысықтап жатырмыз. Жақында соңғы нәтижелері шығады»,- деді прокурор.