Аяғымен кесте тігетін Анар
Шебердің айтуынша, ол тігін әлеміне тек 35 жасында аяқ басқан. Алғашында балаларына, кейін көрші-қолаңға тапсырыспен тіккен. Уақыт өте келе кәсібін ашады. Алғаш тапсырысы қыз жасауын тігуден бастау алған.
«Ештен кеш жақсы» дейді, бұл іске мен 35 жасымда кірістім. Қазір «Анар Бексұлтан: әдемі қыз жасауы» деген бизнесім бар. Жамбыл облысында жасау деген міндетті түрде жүреді. Сұраныс жоғары болғандықтан, осы істі бастап кеттік. Бастаған кезде айтарлықтай қиын болған жоқ, қатты қорыққан жоқпыз. Себебі бұл біздің ішіміздегі қайта жаңғыру, бала кезден көріп келе жатқан дүниенің сыртқа паш етілуі болды», – деп бөлісті тігінші.Осылайша, бұл кәсіптің «жұлдызы уақыт өте келе жана бастаған». Бір-бірінен естіген адамдар жай ғана аяғымен тігетін Анарды көру үшін, жиі келіп, тұрақты клиентке айналған. Қаржылай мәселелері болмаса, бизнес жақсы дамып, өнімге әлі күнге дейін сұраныс бар.
Аталған жұмыстардан бөлек Анар «Шебер шаңырақ: мүгедектер қоғамдық бірлестігін» ашқан. Бұл ұйымның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі әртүрлі жандың өнерімен бөлісу.
«Шебер шаңырақ: мүгедектер қоғамдық бірлестігін» аштым. Оның ішінде мүгедектігі бар қыздар, көпбалалы аналар, ерекше бала тәрбиелеп отырған аналар бар. Бірлестіктің мақсаты – өзіміздің өткен жолымызды үлгі ету, қиыншылықтарымызды жеңу, аналарға жәрдем беру, бизнесін дамыта алмай отырған аналарға жол көрсету. Тараз қаласы ежелгі қала қатарына кіретін кезде, Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің президенті Саад-аль Каддуми мырза келіп, ұйымымызға риза болды. Сол кезде мен Қазақстанда бірінші болып Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесіне мүше болдым», – дейді Анар Бексұлтан.Анар сөз арасында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жайлы да ойын білдірді. «Біз үшін Кәсіпкерлер палатасы – үлкен көмек. Бизнес-жоспар жазу жолын көрсету, құжат жинауға көмектесу, көптеген жобабен жұмыс істеу, жаңа таныстар, жаңа мүмкіндіктер «Атамекен» арқылы келді. Байлық азаяды, ал қолөнер көбеймесе, азаймайды. «Атамекен» палатасына алғысымды білдіре отырып, біздің дамуымызға одан әрі үлес қосса екен дейміз», – деп жылы лебізін білдірді.Сөз соңында тігінші қыздар қауымына бір ауыз сөз арнады:
«Өзіңді ешкіммен салыстырма. Сен дарасың. Ешкімге өсекпен, әңгімемен, жаман нәрсемен жақпайсың. Не ексең, соны орасың. Біз балаларымызды тәрбиелеп отырмыз, ал балаларымыз біздің айнамыз. Бала не көреді, соны жасайды. Менің қыздарым ертең тігінші болып кетеді деп айтпаймын. Бірақ олар әр істі дұрыс бастауына, өмірде адам болуып қалыптасуына әсер ете аламын деген ойдамын», – деп түйіндеді Анар Бексұлтан.