7 млрд теңгеден астам қаржыға 32 әлеуметтік жоба іске асты
Мақұлданған жобалар арасында аутистік спектрдің аурулары мен ментальді бұзылыстары бар балаларға арналған 8 орталық құру, дамуы бұзылған және олардың туындау қаупі бар балаларға ерте диагностикалық және абилитациялық көмек көрсету бойынша 13 ерте араласу орталығын құру, сондай-ақ Атырауда ерекше балаларға тегін көмек көрсету бастамасы бар. «Samruk-Kazyna Trust» қоры бүгінде Қазақстанның шалғай елдімекендеріне сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» пойыздарын табысты іске қосып, «Басқарылатын гипотермия» инновациялық жобасы аясында Қарағандыда 11 нәрестенің өмірі құтқарылды. Алдағы уақытта нәрестелердің шетінеуі мен мүгедектігін азайту ниетімен тағы бес перинаталдық орталықты терапевтік кешендермен жабдықтау көзделіп отыр. «Самұрық-Қазына» қорының кәсіпорындары бар өңірлерді дамыту аясында биыл Жаңаөзен қаласының 3 мектебін жиһазбен және интерактивті панельдермен жабдықталса, отбасылық аула клубтарын демеу арқылы халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балалар үшін түрлі секциялар ұйымдастырылуда. Шымкент қаласында нейро-ортопедиялық бұзушылықтары бар балаларды оңалту қолға алынбақ. «Балаларға өмір сыйла», «Аутизмді жеңеміз!», «Жетім балаларсыз Қазақстан» жобалары да жалғасын таппақ. Аға буын өкілдеріне қамқорлық танытуда «Тағылым» және «Жеңіс» жобалары жүргізіліп, ауылдық жерлердегі балаларды спортқа баула «Батыр боламын!» жобасының арқасында 20 спортзал ашылмақ. Бұдан басқа, «Samruk-Kazyna Trust» мемлекеттік тілдің көкжегін кеңейтуде «Soyle» жобасын қолдауды жөн деп тапты.
«Биылдан бастап қайырымдылық жобаларын іске асыру кезінде олардың 30%-ында Үкімет пен мемлекеттік органдардың тапсырмасына көңіл бөлінсе, ал 70%-ында «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялары бар өңірлердегі әлеуметтік инвестициялар бағдарламаларына басымдық беріледі», - деп жеткізді Альфия Адиева.Осылайша «Samruk-Kazyna Trust» қоры қызмет бағыттарын оңтайландырып, жобаларды қаржыландыру жайын бекітетін Қамқоршылық кеңес құрамын кеңейтуде. Сонымен бірге, қор сайты жаңарып, «Самұрық-Қазына» АҚ Қоғамдық кеңесіне есеп беру тұрақты жолға қойылмақ.