Қасым-Жомарт Тоқаев: «Түркі интеграциясы – ортақ болашақтың берік іргетасы»
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркітілдес мемлекеттердің парламент төрағаларын ресми түрде қарсы алып, Парламенттік ассамблея шеңберіндегі кездесудің маңыздылығын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, түркі елдерінің бірлігі – аймақтық тұрақтылық пен халықаралық беделдің кепілі.
Түркі әлемінің ынтымағы жыл сайын артуда
«Парламенттік ассамблея – өте маңызды саяси құрылым. Қазақстан бұл ұйымды толық қолдайды. Мен он жыл Сенат төрағасы болдым, парламентаралық қатынастарды нығайтуда белсенді жұмыс істедім. Парламенттік ассамблеяның арқасында түркілік ынтымақтастық жыл сайын тереңдеп келеді. Бұл – өте оң үрдіс. Ол бүкіл түркі әлемінің халықаралық беделін арттыруға әсер етеді. Ең бастысы – бізді жақындастыратын ортақ ұмтылыс бар. Қазақстан түркі халықтарының арасындағы жан-жақты серіктестікті дамытуға мүдделі», – деді Мемлекет басшысы.
«Turktime» ұранымен – жүзден астам жоба жүзеге асты
Президент Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымының негізін қалаушы ел екенін еске салып, өткен жылы ұйымға төрағалық еткен кезде жүзеге асырылған маңызды бастамалар туралы айтып берді.
«Turktime» ұранымен біз 100-ге жуық маңызды іс-шараны ұйымдастырдық. Бұл түркі интеграциясын тереңдетуге үлкен серпін берді. Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Ұлы Даланың бай мәдениетін әлемге таныстырды. Сондай-ақ, ортақ түркі әліпбиінің бірыңғай нұсқасын бекіту – тарихи оқиға, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол сонымен қатар Түркі мемлекеттері ұйымына тұрақты өкілдер тағайындалғанын, сауда, экономика, энергетика, қаржы және инвестиция салаларындағы байланыстардың едәуір кеңейгенін атап өтті.
«Түркі инвестициялық қоры табысты жұмыс істеуде. Бұл қадамдар түркі интеграциясын одан әрі нығайтады. Біз ұйым саммиттерінің нәтижелерін жоғары бағалаймыз. Венгрияда өткен бейресми кездесудің нәтижелері жемісті болды. Осы оң үрдісті жалғастыру үшін келесі саммитті қасиетті Түркістанда өткізуді ұсындым», – деді Президент.
Саяси реформалар – Әділетті Қазақстанның негізі
Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары елде жүзеге асырылған ауқымды реформаларға да тоқталды.
«Жалпыхалықтық референдумда Конституцияға түзетулер қабылданды. "Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет" қағидатына негізделген жаңа жүйе енгізілді. Президенттік өкілеттілік жеті жылмен шектеледі. Парламент пен Үкіметтің жауапкершілігі артты. Адам құқықтарын қорғау жүйесі жетілдірілді. Конституциялық сот құрылды. Жергілікті өзін-өзі басқару реформасы басталды. Биылдан бастап барлық аудан әкімдері халықтың тікелей дауыс беруі арқылы сайланады. Облыстық және аудандық мәслихаттардың 90%-ы бірмандаттық округтер арқылы сайланады. Мұндай ауқымды өзгерістер бұрын болмаған», – деді Президент.
"Таза Қазақстан" – жаңа өмір салтын қалыптастыру
Президент Қазақстанның басты мақсаты – Заң мен тәртіпке негізделген Әділетті мемлекетті қалыптастыру екенін атап өтті.
«Таза Қазақстан» тұжырымдамасы – тек экологиялық бастама емес. Ол халқымыздың өмір салты мен құндылықтарын жаңартуға бағытталған. Әсіресе жастармен кездесулерде мен болашақ жастардың қолында екенін үнемі айтып жүремін. Сондықтан жастарымызды саналы, білімді, ашық, зайырлы және жауапты болуға шақырамын», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламенттік ассамблея шеңберіндегі мәлімдемелері Қазақстанның түркі әлеміндегі орны мен рөлін тағы бір мәрте айқындады. Түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықтың тереңдеуі – тек экономикалық немесе мәдени ықпалдастық қана емес, бұл – ортақ тарихи негізге сүйенген стратегиялық серіктестік.
Президент бастамалары – түркі интеграциясын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған нақты қадамдар. Түркістанда саммит өткізу идеясы, бірыңғай әліпби, "Таза Қазақстан" тұжырымдамасы мен саяси реформалар – осы бағыттағы маңызды бастамалар қатарында. Бұл – Әділетті Қазақстан құру жолындағы мақсатты саясаттың және ұлттық жаңғырудың айқын көрінісі.
Самал Асқар