АҚШ Гренландияға басып кіруі мүмкін

АҚШ-тың қорғаныс министрі Пит Хегсет әлемдегі ең үлкен арал — Гренландияны бейбіт жолмен алу мүмкін болмаса, онда әскери жолмен басып кіру жоспары бар екенін іс жүзінде растады.

The Telegraph басылымының жазуынша, 12 маусымда Конгресс отырысында Хегсет пен Демократиялық партияның өкілі Адам Смит арасында шиеленісті пікірталас болған. Смит министрден:

«Панама мен Гренландияны — қажет болса күшпен — басып алу жоспары бар ма?» деп сұрады.

Смит сонымен қатар:

«Меніңше, америкалықтар Трампқа дауыс бергенде Гренландияға басып кіруді қаламады», — деді.

Хегсет болса:

«Қорғаныс министрлігінің жұмысы — кез келген жағдайға дайын болу. Бізде сценарийлерді жоспарлаумен айналысатын мамандарға толы бүкіл ғимарат бар. Қажет болса, әрқашан кеңес бере аламыз», — деп жауап берді.

Тағы бір конгрессмен — Майк Тёрнер, министрден бұл шын мәнінде Гренландияны күшпен аннексиялау сценарийінің барын растай ма, нақтылауды сұрады.

Хегсет жауап ретінде тағы да:

«Пентагонда әртүрлі жағдайға арналған түрлі жоспарлар бар», — деді. Сонымен қатар, министр Гренландияны мүмкін қауіптерден қорғауға көмек көрсетуге дайын екенін айтты.

Ұқсас жаңалықтар.